Археологтар Сыр өңірінен қыш ыдыстар өндірген шеберлер ауылын тапты

21:42, 16 маусым 2017

Еліміздегі ең алғаш қыш-құмыра өндірісі Сырдарияның бойында басталған. Біздің заманымызға дейінгі I мыңжылдықтың орта кезеңінде сақтар мекендеген Шірік Рабат қаласын зерттеуші ғалымдар осындай пайымға келді. Олардың мұндай тұжырым жасауына көне қала маңынан көзешілер ауылының табылуы себеп болған. 

Қыш ыдыстар өндірген шеберлер ауылы Шірік Рабат қалашығынан 40 шақырым жерде жатыр. Аумағы 3 гектарға шамаласады. Археологиялық зерттеу барысында 11 пештің және тұрғын үйлер мен шеберханалардың орны табылып отыр.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

-Бұл елді мекенде Сырдың бойындағы ең алғаш рет қыш-құмыра ісі қолға алынған. Мерзімі б.з.д. IV-II ғғ жатады. Мамандардың айтуынша, дәл осы жерде кәсіби тұрғыда ыдыс өндіру басталған.

Бүгінде 6 қыш күйдіретін пеш пен шеберхана толық ашылды. Ал үй-жайлардың орнынан астық сақтайтын ірі көлемдегі ыдыстар қазылып алынды. Оған қоса көп мөлшерде тарының дәндері шыққан.

Жанболат Ұтубаев, Ә. Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері:

-Төрт бұрышты және домалақ пештер бар. Олар екі ярустан тұрады, ішіне оттық салғанда үстіне қыш ыдыстарын қойып, күйдірген. 

Қазір археологтар Шірік Рабат қалашығы аумағынан табылған цитадель бекініс орнын да зерттеуде. Бұл жерде көне шаһарды мекендеушілердің тұрмысы мен ғұрпын танытатын жәдігерлер жеткілікті.

Мақпал Сүйіндікова, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының кіші ғылыми қызметкері:

-Жапсырма әдісімен дайындалған қыш ыдыстар және олардың өрнектері, оғыз дәуіріне сәйкес келетін, ернеулері бүршіктеліп дайындалған ыдыстар, қабырғаларында бітпес балгілері бар, үлкенді-кішілі шеңбер тәрізді ыдыстар көптеп табылды.

Арал маңындағы бірқатар тарихи ескерткіштерді 1946 жылдан бастап Хорезм археологиялық-этнографиялық эспедициясы зерттеген. Алайда 90-шы жылдары тұралап қалған бұл жұмыс 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қайта жанданды.

Еркебұлан Елеуов, Қызылорда облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкері:

-Қазіргі таңда Қызылорда облысында 532 ескерткіш мемлекеттің қорғауына алынған. Сыр бойының және Ферғана аңғарлары бойынша 16 ескерткіш ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне алуға ұсыныстар берілді. Оның ішінде Қызылорда облысында 8 ескерткішіміз қамтылып отыр.   

Рухани құндылықтарға арқау болған тарихи ескерткіштерді қорғап, зерттеуде мемлекеттің қолдауы ерекше. «Бұл мақсатқа бөлінетін қаржы жыл сайын көбейіп, кешенді жұмыстардың ауқымы кеңейе түсті», – дейді ғалымдар. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Альхайдар Тұрлыханов 

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!