Алматыда құрылыс компаниялары мен мердігерлер лицензияларынан жаппай айырылуда: не себеп

11:15, 3 маусым 2026

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы неліктен өңірдегі құрылыс компаниялары мен мердігерлер лицензияларынан жаппай айырылып жатқанын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомство атап өткендей, "ҚазҒЗСҚА" АҚ еншілес ұйымы – "ҚазҚСҒЗИ" АҚ ЖШС құрылыс қызметін жүзеге асыру лицензиясынан айырылды.

Бұған компанияда өндірістік базаның болмауы себеп болған. Ал мұндай база құрылыс лицензиясы бар ұйымдар үшін міндетті талаптардың бірі саналады.

Сондай-ақ құрылыс нормаларын бірнеше рет бұзып, бұрын берілген ескертулерді орындамаған "Сәулет Құрылыс Консалтингі" ЖШС-нің де лицензиясы қайтарылды.

Компанияға бұған дейін де заңбұзушылықтар үшін бірнеше рет әкімшілік шара қолданылған.

Мұнымен қоса, жобалау жұмыстарымен айналысатын "SK BEST Spec Story KZ" ЖШС-не қатысты да әкімшілік шара қабылданып, І санаттағы жобалау лицензиясы кері қайтарылды.

Ал құрылыс талаптарына сәйкес келмеуі және бекітілген жобалық шешімдерден ауытқуы себепті "Отау-Құрмет" ЖШС де лицензиясынан айырылды.

"Бұған қоса, қала прокуратурасының ұсынысы негізінде 214 құрылыс компаниясының лицензиясы уақытша тоқтатылды. Бұған олардың біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі себеп болған. Лицензия тек барлық заңбұзушылық толық жойылып, белгіленген талаптарға сәйкестігі расталғаннан кейін ғана қайта қалпына келтіріледі",- деп атап өтті ведомстводағылар.

Бұған дейін Алматы әуежайында ұсталған бойжеткен 16 жылға сотталғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!