Алматы облысында ер адам «қыл көпірден» құлап, мерт болды

23:00, 18 наурыз 2024

© Сурет: видеодан алынды

Алматы облысы Бөлек ауылында төрт баланың әкесі биіктен құлап, мерт болды. Қайғылы оқиға ел арасында "қыл көпір" атанып кеткен Есік қаласы маңындағы Үлкен Алматы каналын кесіп өту кезінде орын алған, деп хабарлайды Zakon.kz.

10 метр биіктікте тұрған көпірдің арнайы жақтауы немесе ұстайтын қоршауы жоқ. Бұл қауіпті өткелден күніне жүздеген адам өтеді. Ал күні кеше дүкенге шығып, қайта үйіне оралмаған отағасы осы маңнан жұлыны үзіліп, басы жарылған өлі күйінде табылған. Аталған канал маңындағы халық, тағы да "адам шығыны болмасын" деп бүгін әкімдік өкілдеріне талап қойды. Олар бұл қауіпті жерден күніне 100-150 оқушы мектепке қатынайтынын, олардың өмірі үшін алаңдап, жандарын шүберекке түйіп отыратындарын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қалың ел "қыл көпір" атанып кеткен өткелде жылда адам өлетінін айтады.

"Құлап барып, сырғанап анау тұрған бетонға басын жарып, үйелеп қалған. Артқа шығуға мүмкіндік жоқ. Үш қызы, бір ұлы бар. Бір үй азаматынан, асыраушысынан айырылып отыр. Нарынқолға әке-шешеміздің жанына жерлеп келдік", – деді марқұмның інісі Елжас Нүсіпов.

Есі кеткен ел "келесі кім?" деп дабыл қағып отыр. Бұған дейін талай адам суға кетіп, денесін әзер тауыпты. Ал Есік қаласына екі аттам жерде тұрса да, ауыл мәртебесін ала алмай жүрген ел "өркениеттен жұрдай".

"Халық таңғы 05:00-ден 24:00-ге дейін Алматыға қатынап жұмыс істейді. Менің санауым бойынша, солардың 11-ін көлік қағып өлтірді. Ауданның әкіміне мәселені айтық, ауылдың әкіміне бардық. Тыңдайтын құлақ жоқ. Осы көпірден өтуге мәжбүр болып отырмыз", – деді саяжай тұрғыны Ермек Құралбаев.

"Көпірмен жүрмеңдер дейді. Арғы жолдан өтпеңдер дейді. Сонда халық не істейді, ол арадан ұшып өте ме?", – дейді ашынған саяжай тұрғыны Күлия Құдайбергенова.


"Біріншіден, бұл көпір емес, "ГидроСервис" ЖШС балансында тұрған үстінен су өтетін құрылғы. Ал басқа мекеменің балансында тұрғандықтан, мемлекет тарапынан қаражат бөліп, көпір салып бере алмаймыз. Демеуші табылған жоқ, іздеп жатырмыз", – деді Еңбекшіқазақ ауданы Бөлек ауылдық округінің әкімі Асыл Изиев.

Азаматтар әлгі қанды өткелге құзырлы орган өкілдерін шақырып, арыз жазды. Көп ұзамай аудандық прокуратураға да шағым түсірмек.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!