9 ақпан — Мұқағали Мақатаевтың туған күні

09:51, 9 ақпан 2022

© Сурет: youtube.com

Бүгін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 91 жыл толды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мұқағали Мақатаев — қазақ поэзиясында үлкен қолтаңба қалдырған лирик ақын. Ол 1931 жылы 9 ақпанда Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Шын есімі Мұхаммедқали. Балаға өз атын айту қиындау болады деп қысқаша Мұқағали деп атап кеткен. Халық оны өз заманында лайық бағасын ала алмаса да, өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақын деп біледі.

Мұқағали Мақатаев 1948 - 49 жылдары ҚазМУ-дың филология факултетінде оқыған. 1948 жылы оқуын тастап, Шибұт ауылында ауылдық кеңестің хатшысы болған. 1949 жылы көктемде жары Лашынмен отау құрады. 1949 жылы "Советтік шекара" газеті ақынның "Қырман басында", "Қойшы бала - Әкітай" өлеңдерін жариялады.

1954 жылы Қарасаздың бастауыш мектебінде орыс тілі мұғалімі болып жұмыс істеген. Осы жылы ақынның үш өлеңі "Әдебиет және искусство" журналында жарияланды.

1957 жылы Мұқағали Мақатаев Республикалық радиода диктор болып қызмет атқарған. 1960-62 жылдары "Советтік шекара" газетінің бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген. Осы жылдары ол Алматыға келіп, әдеби ортамен араласа бастайды.

Алғаш Мұқағали Мақатаев талантын бағалаған Әбділда Тәжібаев еді. Ол «Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!» деп, ақынның өнеріне баға берген.

Мұқағали Мақатаев 1976 жылы небәрі 45 жасында дүниеден өтті. Бүгінге дейін оның жазған өлеңдері мен поэмаларын поэзия сүйер қауым жатқа оқиды.

2021 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм компаниясы мұзбалақ ақын туралы көркем фильм түсірді. Фильмнің режиссері  – Болат Қалымбетов. Фильм 2021 жылы 21 қазаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетілді.

Сонымен бірге «Қазақстан» телерадиокорпорациясы 2021 жылы 6 тарихи телехикая ұсынатыны хабарланған еді. Олардың қатарында Мұқағали Мақатаев сияқты тұлғаларымыз бар.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!