Қазақстанда бизнес ашу мен оны жүргізу 70 пайызға дейін жеңілдетілген

21:14, 6 маусым 2017

Қазақстанда бизнес ашу мен оны жүргізу 2003 жылдан бері 50, кей аумақта 70%-ға дейін жеңілдетілген.

Іскерлік климатқа талдау жүргізген халықаралық сарапшылар осындай баға берді. Нәтиже бар, десе де мұны үздік көрсеткіш деуге жарамайды. Енді нені түзету қажет? Әлем елдерімен салыстырып айтылды.

Қазақстанда бизнес қаншалықты сауатты жүргізілуде? Осыны анықтау үшін төр көрсеткіш назарға алыныпты.

Басты көрсеткіштің бірі – кәсіпорынды тіркеу. Бұл үшін орта есеппен алғанда Астанада 8,5 күн уақыт керек. Ал Ақтөбе, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында бұдан да ұзақ – 10 күн. Салыстырмалы түрде көрші Өзбекстанда 5,5, ал Украинада 5 күн уақыт жұмсалады. Демек өзгелерден үйренер тұсымыз осы. Ал ол орындарды ашуға жұмсалатын шығын, керісінше, бізде ең төмен болып шықты. Бұл – біздегі ұтымды тұс.  

Кәсіпорынды тіркеп болдыңыз. Ендігі мәселе – құрылысты жүргізуге рұқсат алу. Бұл процесс Алматы мен Қостанайда басқа қалаларға қарағанда оңай жүргізіледі. Ал электр энергиясын қосу құнында да айтарлықтай айырмашылық бар болып шықты. Мәселен, Өскемендегі баға 900 мың теңге болса, Павлодарда 1 млн 800 мыңға дейін барады. Басқа қалаларда да осыған ұқсас баға алшақтығы байқалады. Сарапшылар: «Жағдайды реттеу үшін жаңа шешімдер ойлап табудың қажеті жоқ», – деп отыр. Бар болғаны облыстар тиімділігі дәлелденген шараларды өздеріне енгізсе болғаны.

Айта кетейік, бизнес жүргізудегі артық-кем тұстарды анықтайтын мұндай сараптау екі-үш жылда бір рет жүргізіліп тұрады.

Дүниежүзілік банктің сарапшысы жеке компанияларды Е-gov жүйесіне қосуды ұсынады. «Сол кезде кәсіпкерлер алтын уақыттарын кетіріп, есепшоттар ашу мен өзге де құжаттарды рәсімдеуге барып-келіп жүрмейді», – дейді.

Авторы: Ердәулет Байдуллаев

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!