Банкке салған ақшамның сақталуына кепілдік беріле ме?

16:56, 23 қаңтар 2022

Мен таяуда банкке қомақты ақша салдым. Кез келген уақытта ала беруге болатын қарапайым салым. Бірақ салған ақшамның сақталуына қаншалықты кепілдік берілетіндігін нақтыламаппын. Осы жағын түсіндіріп берсеңіздер.    

Жауап: Егер Сіздің ақша салған банкіңіз Қазақстанның депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысатын болса және ақшаңыз кепілдік берілген объектілер құрамында болса, онда әрине, ақшаңыз міндетті түрде қорғалады. Өйткені аталмыш жүйеге қатысатын банктер де бар, қатыспайтын банктер де бар және сақталуына кепілдік берілетін және берілмейтін объектілер де бар.

Қазір елімізде жалпы 22 екінші деңгейдегі банк жұмыс істейді. Солардың ішінде 20 банк осы жүйеге қатысады. Ал қалған екі Ислам банкі — «Al Hilal» Ислам банкі» АҚ пен «Заман-Банк» Ислам банкі» АҚ бұл жүйеде жоқ.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысатын банктердің өзекті тізімін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (Қор) kdif.kz ресми сайтынан білуге болады.

Бұл ретте Қордың кепілдігі:

•        мерзімсіз, мерзімді, жинақ салымдарға, олардың ішінде шартты салымдарға, сондай-ақ талап етілгенге дейінгі салымдарға;

•        салымдар бойынша банк лицензиясынан айырылған күніне қарай есептелген сыйақыларға;

•        ағымдағы шоттарға;

•        төлем карточкаларындағы ақшаларға қолданылады.

   Ал басқа: депозиттік сертификаттарға, ислам банктеріндегі салымдарға, жеке тұлғалардың металл шоттарына, банк ұяшықтарында сақталуда жатқан ақшалары мен құнды заттарына және заңды тұлғалардың депозиттеріне Қор кепілдігі қолданылмайды.

Қор тарапынан кепілдік берілген өтем сомасы салымның түрі мен валютасына тікелей байланысты. Бұл шекті сома: шетел валютасындағы барлық депозиттер бойынша – 5 миллион теңгеден; теңгедегі мерзімсіз және мерзімді салымдар, талап етілгенге дейінгі салымдар, шартты салымдар, төлем карточкалары мен ағымдағы банк шоттарындағы ақшалар бойынша – 10 миллион теңгеден; теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 15 миллион теңгеден аспайды. Бұл жерде бір айта кетер жәйт, шетел валютасында ашылған салымдар бойынша өтемді Қор банк лицензиясынан айырылған күнгі валюта бағамы бойынша теңгемен есептеп төлейді. Одан әрі валюта бағамының өзгергендігіне қарамастан өтем сомасы қайта қаралмайды. Сондай-ақ салымшының бір банкте салымдардың түрі мен қандай валютада ашылғандығына қарай әртүрлі депозиттері бар болса, олар бойынша Қор кепілдік беретін ең жоғары жиынтық сома – 15 миллион теңге. Бұл ретте әрбір салым түрі бойынша кепілдік берілген шекті сома ескеріледі. Егер салымшының бір емес, бірнеше банкте әр түрлі депозиттері бар болса, кепілдік әрбір банк бойынша жеке-жеке орындалады.     

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!