Мальтада аптап ыстықтан ұшақ жолаушылары есінен танды

10:28, 18 тамыз 2026
MKZ: 1561857

© Сурет: pixabay

Ryanair әуе компаниясының жолаушылары Мальтадан Бирмингемге ұшар алдында ұшақтың кондиционері бір сағаттан астам уақыт жұмыс істемей, салонның қатты ысып кеткеніне шағымданды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жолаушылардың бірінің айтуынша, аптап ыстықтан бірнеше адам есінен танып, тағы бірнеше жолаушының жағдайы нашарлаған.

New York Post басылымының жазуынша, FR7268 рейсімен ұшқан 16 жастағы Ева Грегори қиындықтар ұшаққа мінбей тұрып-ақ басталғанын айтты. Жолаушылар кондиционері жоқ автобуста шамамен жарты сағат отырған. Кейін олар басқа автобусқа ауыстырылғанымен, оның да салқындату жүйесі дұрыс жұмыс істемеген.

Қыздың айтуынша, ұшақтағы жағдай одан да қиын болған.

"Ұшаққа кірген сәтте кондиционердің жұмыс істемейтіні бірден байқалды. Ішінде өте қатты ыстық болды", – деді Грегори.

Оның сөзінше, жолаушылар сырт киімдерін шешіп, қолдарымен желпінуге мәжбүр болған. Екі адам есінен танып, тағы бірнеше жолаушының жүрегі айныған.

Ryanair әуе компаниясы рейстің кешігуіне ұшақтағы шағын техникалық ақау себеп болғанын мәлімдеді. Кейін жолаушылардың бірінің жағдайы нашарлауына байланысты күту уақыты тағы созылған. Инженерлер тексергеннен кейін ұшақ ұшуға жарамды деп танылып, рейс Мальтадан жергілікті уақыт бойынша сағат 19:00-де ұшып кеткен.

Әуе компаниясының өкілі экипаждың күрделі жағдайда тиісті әрекет еткенін атап өтті.

Бұған дейін Алматыда ұшақ бортында темекі шеккен шетел азаматтарының жауапкершілікке тартылғанын жазған болатынбыз.

 

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!