Австралиядан пошта арқылы елімізге жеткен үрлемелі матрастан ірі көлемде марихуана табылды

21:42, 30 желтоқсан 2024

© Сурет: Zakon.kz

Полиция департаменті мен логистикалық компаниялардың біріккен жұмыс нәтижесінде пошта жөнелтілімдерін тексеру мақсатында қызметтік-іздестіру иттерін пайдалануды қарастыратын іс-шаралар барысында есірткі контрабандасының төрт фактісі анықталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2024 жылғы 30 желтоқсанда ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Құзырлы ведомство мәліметінше, Алматы қаласынан жеткізілген 4,9 келі мефедрон тәркіленді. Сондай-ақ, Батыс Австралиядан үрлемелі матраспен бірге жеткізілген 914 грамм марихуана контрабандасы анықталды. Бұл бойынша төрт адам ұсталды.

"Бұдан бөлек, Таиландтан есірткі жеткізудің заңсыз халықаралық арнасы тоқтатылды, операция барысында 998,43 грамм кептірілген марихуана тәркіленді. 2024 жылдың 22 қарашасында Иран Ислам Республикасы азаматының пәтерінен тінту кезінде Ұлыбританиядан пошта арқылы жіберілген 151,20 грамм кептірілген марихуана тәркіленді". ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі

Барлық фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 296 және 297-баптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталғаны да нақтыланады.

"Өз кезегінде, 6 есірткі таратушы ұсталды, оның ішінде 1 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалғандарына қатысты тергеу әрекеттері жүргізілуде", делінген хабарламада.

Астана қаласының прокуратурасы құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметтердің заңдылықты қамтамасыз ету және қоғамды есірткі қауіп-қатерінен қорғау бойынша үйлестіру жұмысын жалғастыруда.

Бұған дейін Семейде полицейлер есірткі өткізудің ірі арнасының көзін жойғанын жазғанбыз.

 

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!