Тоқаев: Біз Американы маңызды серіктестеріміздің бірі деп санаймыз
© Сурет: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктегі жұмыс сапары АҚШ-тың ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен "дөңгелек үстел" отырысында жалғасты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ-тың кеңейтілген стратегиялық серіктестігі қарқынды түрде дамып келе жатқанына назар аударды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Біз Американы маңызды серіктестеріміздің бірі деп санаймыз және сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенімізді растаймыз. Америка Құрама Штаттарының да осы стратегиялық ұстанымды қолдайтыны қуантады. Оған Президент Дональд Трамппен 2024 жылы желтоқсан айында болған әңгімелесу барысында көз жеткіздік. Бүгін біз Президент Трамппен тағы да мазмұнды әңгіме жүргіздік. Ол үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстан Президент Трамптың прагматикалық дипломатияны алға тартуын, Еуропа мен Таяу Шығыстан бастап Азия мен Африкаға дейінгі қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге ықпал ету ісіндегі рөлін жоғары бағалайды. Оның конструктивті позициясы мен нақты нәтижеге қол жеткізуге айрықша мән беруі жаһандағы жіктелу ушыққан кезеңде шиеленістің бәсеңдеп, диалогтың артуына ықпал етуде. Мақсат-міндеті айқын мұндай батыл әрі табанды әрекет халықаралық деңгейде мойындауға лайық. Біздің ойымызша, бұл ұстанымдар ертең өтетін БҰҰ-ның Жалпы дебатында Ұйымға мүше мемлекеттердің назарына ұсынылуы керек. Құрама Штаттар Қазақстан экономикасына 100 миллиард доллардан астам қаржы құйған ірі инвестор саналады. Екі ел экономикалық ықпалдастықта зор жетістікке жетті. Біз мұны мақтан тұтамыз. Қазір елімізде 630-дан астам америкалық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Chevron, ExxonMobil, Boeing, Visa, Mastercard, Meta, Wabtec, Citibank секілді танымал брендтер бар", – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның өңірдегі экономикасы ең қуатты ел ретінде Орталық Азияға Америка бизнесінің инвестициясын тарту және олардың кәсіп аясын кеңейту ісінде жетекші рөл атқаруға дайын екенін жеткізді.
Сурет: Ақорда
Бұл бағыттағы күш-жігерге С5+ және B5+ форматындағы тұрақты ынтымақтастық тың серпін бере алады.
Президент дөңгелек үстел қатысушыларына елімізде жүзеге асырылып жатқан экономикалық және саяси реформалар туралы мәлімет берді.
"Қазақстан білім мен инновацияға арқа сүйеген экономика құруды мақсат етеді. Бұл ретте цифрлық трансформацияға баса мән беріледі. Еліміздің экономикасы өңірдің өркендеуінде негізгі рөл атқарады. Қазақстанның мұндай биікті бағындыруына Америка бизнесі айтарлықтай үлес қосты. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша еліміздің экономикалық өсімі 6,5 пайызды құрады. Біз дамудың жоғары қарқынын сақтай отырып, ауқымды саяси-экономикалық реформалар жүргізуге ниеттіміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жүзеге асырылып жатқан жұмыстың барлығы Қазақстанның тікелей шетел инвестициясына тартымдылығын арттыруды көздейтінін айтты. Сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық және инвестициялық ықпалдастықтың негізгі бағыттарына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұрыннан екіжақты ынтымақтастықтың негізі саналатын энергетика секторын алғашқы басымдық ретінде атады.
"Chevron және ExxonMobil компанияларының соңғы 30 жылда елімізге қомақты әрі табысты инвестиция салғанын мойындаймыз және жоғары бағалаймыз. Аймақтағы геосаяси дүрбелеңдерге қарамастан, олардың еліміздегі қызметіне қатысты ешқашан күмән туған емес. Еліміздің экономикасын жаңғыртуда, озық технологиялар енгізуде, экономикалық әлеуетіміздің орнықтылығы мен қуатын арттыруда сіздердің Қазақстандағы қызметтеріңіздің жағымды әсері болды. Біз Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнай кен орындарындағы америкалық серіктестерімізбен конструктивті ынтымақтастықты одан әрі жалғастырамыз. Өзара серіктестігіміз алдағы уақытта да әділ әрі екі тарапқа тиімді нәтиже әкелгенін қалаймыз. Қазақстан өзінің энергетикалық ресурстарын экспорттау бағыттарын әртараптандыруды көздейді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен сөйлескеннен кейін теміржол жабдықтарын сатып алу бойынша жасалған мәміленің маңыздылығын атап өткен болатын.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
21:36, 17 қараша 2025
Тоқаев Мирзиёевке қонақжайлылығы үшін алғыс айтып, Өзбекстанға жасаған сапарының тарихи мәніне тоқталды
-
17:07, 17 қараша 2025
Қазақстан мен Эстония президенттері келіссөз жүргізді
-
16:45, 17 қараша 2025
Ақордада Эстония президентін салтанатты түрде қарсы алды
-
13:23, 15 қараша 2025
Тоқаев пен Мирзиеев қандай құжаттарға қол қойды
-
10:35, 15 қараша 2025
Тоқаев Мирзиеевмен келіссөз жүргізді





