Ақсу қаласының жаңа әкімі тағайындалды

17:31, 28 шілде 2026
MKZ: 1558461

© Сурет: Валерия Бугаева

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов актив отырысында Ақсу қаласының жаңа әкімін таныстырды. Бұл туралы 2026 жылғы 28 шілдеде өңір әкімінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Zakon.kz.

Кездесуді ашқан Асайын Байханов денсаулығына байланысты Ақсу қаласының әкімі қызметінен кеткен Болатбек Шәріповке көп жылғы еңбегі мен қаланың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

"Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісу бойынша, қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Ақсу қаласының әкімі болып Әнуарбек Аманов тағайындалды", – делінген Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарламасында.

Жаңа басшыны таныстырған өңір әкімі қаланы одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын атап өтті.

"Ақсу – Павлодар облысының негізгі өнеркәсіп орталықтарының бірі. Қала өңірдегі жалпы өнеркәсіп өндірісінің шамамен 17 пайызын қамтамасыз етеді. Бүгінде басты міндет – даму қарқынын сақтау ғана емес, тұрғындарға заманауи әрі жайлы орта қалыптастыру", – деді Асайын Байханов.

Негізгі міндеттердің қатарында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері аталды. Атап айтқанда, жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру, су құбыры мен кәріз желілерін жаңарту, Ақсу кентінде жылу желілерін салу, жылыту маусымына сапалы әрі уақытылы дайындалу, сондай-ақ жаңа қалалық қазандықты іске қосу және пайдалануға беру жұмыстарын аяқтау тапсырылды.

Бұдан бөлек, абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді. Алдағы екі жыл ішінде барлық аула аумақтарын ретке келтіру, негізгі магистральдар мен жаяу жүргіншілер жолдарының асфальт жабындысын жаңарту, сондай-ақ жеке сектор көшелерін толықтай асфальттау міндеті қойылды.

Сонымен қатар орталық саябақты қайта жаңғырту, бассейн салу жобаларын уақытылы жүзеге асыру және қаланы кешенді көгалдандыру жұмыстарын жалғастыру тапсырылды.

Өңір басшысы әлеуметтік салаға да назар аударды. Денсаулық сақтау саласында медицина мамандарын тарту жұмысын күшейтіп, Ақсу қалалық ауруханасын қайта жаңғырту жобасын жүзеге асыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған балабақша мен басқа да әлеуметтік нысандарды жобалау және кейіннен салу жұмыстарына кірісу міндеті қойылды.

Кездесу қорытындысында Асайын Байханов Ақсу қаласының даму әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, облыс әкімдігі қала дамуына қажетті қолдауды көрсететінін айтты.

"Ақсу қаласының әрі қарай өсуіне үлкен мүмкіндігі бар. Біз өз тарапымыздан негізгі міндеттерді шешуге қажетті қолдауды көрсетеміз. Ануарбек Дүйсембайұлына қала тұрғындарының игілігі жолындағы жұмысына сәттілік тілеймін", – деді Асайын Байханов.

Әнуарбек Аманов 1986 жылы туған. Оның екі жоғары білімі бар. 2008 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін "Автомобиль және трактор жасау" мамандығы бойынша, 2020 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін "Құқықтану" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Ақсу қаласының жаңа әкімі тағайындалды, сурет - Zakon.kz жаңалық 28.07.2026 17:31

Әнуарбек Аманов. Сурет: Валерия Бугаева

Еңбек жолын 2009 жылы Павлодар қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы қызметінен бастаған.

2009-2023 жылдары тұрғын үй инспекциясы бөлімінде жұмыс істеп, бас маманнан бөлім басшысына дейінгі жолдан өтті. 2023-2024 жылдары Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Осы тағайындауға дейін Павлодар қаласы әкімінің орынбасары болды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!