Пернетақтада тез теруді үйрену

21:54, 13 қаңтар 2017

Жұмысының көп бөлігі компьютермен атқарылатын адамдар «Компьютер пернетақтасында тез теруді қалай үйренуге болады?» деп сұрайды. Фильмдегі хакерлердің соншалықты қарқынды жылдамдық құпиясын білгісі келеді. Бұл үдеріс «соқыр терім» деп аталады. Оны үйретуге арналған арнайы курстар да бар. Бірақ бүгінде компьютер мен интернеті қолжетімді адам кез келген істі демде игеріп, дөңгелентіп әкетеді.

Компьютер клавиатурасында соқыр терімді тез үйрену үшін тегін жаттықтыру бағдарламасын, он саусақты терім ережесі мен жаттығулары жазылған кітапты жүктеп алыңыз. Онлайн жаттығумен айналысу. Әлеуметтік желілерде хат алмасқан кезде де соқыр терім әдісін қолданып, клавиатураға емес, тек экранға қараңыз.

Әдетте үйренуге ниет білдірген адам қанша уақытта нәтиже шығатынын білгісі келеді. Бұл өзінің қанша уақыт бөлгеніне және қандай пернетақта таңдағанына байланысты. Тәулігіңізді толық үйренуге арнасаңыз бір апта ішінде шеберлігіңіз шыңдалып шыға келеді, ал жұмыстан соң 2-3 сағат жаттығуға отырсаңыз, екі апта ішінде не одан да ұзақ уақытта үйренесіз.

Он саусақтық мәтін терімін игеру арқылы уақыт үнемдейсіз, компьютермен жұмыс істеуден тез шаршамайсыз, қандай сөйлем тергіңіз келгенін ұмытып қалмайсыз және көз жанарыңызды да сақтайсыз. Еңбек өнімділігін дәл осы әдіс беретін болады.

Соқыр терімнің ең басты қағидасы – клавиатураға мүлдем қарамау.

Теру батамас бұрын қолыңызды пернетақтаға дұрыс орналастырып алыңыз. Саусақтарыңыздың тұрақты орны болуы тиіс. Яғни қажетті пернеңізді терген соң саусақты қайтадан бастапқы орнына әкелесіз. Сол қолдың төрт саусағы «ФЫВА» және оң қолдың төрт саусағы ОЛДЖ» батырмаларында тұрады. Баспайсыз, жай ғана үстіне қоясыз. «А» және «О» пернесінде арнайы белгі (бөртпе) бар. Бұл белгіде оң және сол қолдың сұқ саусағы тұрады.

Пернедегі бос орын белгісін бас бармақпен ғана басамыз. Екі қолдың бас бармағын бос орын пернесінің екі жағын орналастырамыз. Мысалы, соңғы рет «о» әрпін терген болсаңыз, бос орынды оң қолдың бас бармағымен басасыз, «а» әрпін соңғы басқанда сол қолмен бос орын таңбасын қалдырасыз.

«Shift» батырмасын қолданатын болсақ, қолдың шынашағымен тереміз.

Әр саусақтың жауап беретін пернесі болады. Егер орнын ауыстырып, шатастырып алатын болсаңыз, суретке қарап пысықтаңыз. Арнаулы аймақтарды көрсетілген саусақпен теру сізге ыңғайсыз болса, қам жемеңіз, уақыт өте келе үйреніп кетсіз. Болашақтың қатесін қазір-ақ түзетіп қалыптастырған дұрыс.

Ешқашан тез теруге асығып, жылдамдық қумаңыз. Соқыр терімнің ең басты мақсаты – мәтінді анық, қатесіз теру. Есіңізде болсын, қаншалықты қатесіз терсеңіз – жылдамдық та соншалық қарқынды болады.

Клавиатура суретін қағазға шығарып алуға да болады. бұл – әріптердің орнын шатастырмай, тез жаттауға көмектеседі. 

Дереккөз: massaget.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!