Жұманғарин кәсіпкерлерге жүргізілген негізсіз кедендік тексерулерді түсіндірді

16:04, 30 желтоқсан 2025

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген жауабында қызметінде заңбұзушылық анықталмаған бизнес субъектілеріне қатысты кедендік тексерулердің не себепті жүргізілгенін түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Болат Керімбек Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сүйене отырып, 2024–2025 жылдары тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) арқылы іріктелген компаниялардың жартысынан астамында ешқандай заңбұзушылық анықталмағанын мәлімдеген болатын.

Соған қарамастан, бұл кәсіпкерлер тексерулерге тартылып, қосымша сараптамалардан өтіп, тауар айналымы уақытша тоқтатылған. Депутаттың пікірінше, бұл тәуекелге негізделген іріктеудің дәлдігі төмен екенін және ТБЖ-ның тиімділігі жеткіліксіз екенін көрсетеді.

Серік Жұманғариннің айтуынша, анықталған заңбұзушылықтарды талдау олардың басым бөлігі формальды сипатта екенін көрсеткен.

"Формальды заңбұзушылықтар, негізінен, құжаттарды рәсімдеу талаптарын сақтамау, оларды белгіленген мерзімде ұсынбау, сондай-ақ Кеден кодексі мен өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген тауарларды декларациялау тәртібін бұзу жағдайларында орын алады. Мұндай заңбұзушылықтар, әдетте, тауардың нақты сипаттамаларына әсер етпейді, алайда әкімшілік жауапкершілік шараларын қолдануға негіз болады", – делінген Жұманғариннің жауабында.

Ал техникалық заңбұзушылықтар электрондық декларацияларды қате толтырумен, кедендік төлемдерді есептеудегі қателіктермен, тауарларды дұрыс жіктемеумен немесе СЭҚ ТН кодтарын дұрыс көрсетпеумен байланысты.

"Мұндай заңбұзушылықтар сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың рәсімдік әрекеттерінің белгіленген техникалық талаптарға сәйкес келмейтінін көрсетеді, алайда олар әрдайым мәлімделген мәліметтердің жалған екенін білдіре бермейді", – деді вице-премьер.

Ал нақты заңбұзушылықтар тауар туралы нақты мәліметтердің құжаттарда көрсетілген деректерге сәйкес келмеуі (мысалы, саны, ассортименті, құны, шыққан елі бойынша) немесе жекелеген тауарларды әкелу мен әкетуге қойылған тыйымдар мен шектеулерді бұзу жағдайларында анықталады.


"Мұндай заңбұзушылықтар кедендік реттеу нысанына тікелей әсер етеді және айыппұл салуға немесе тауарды шығарудан бас тартуға әкелуі мүмкін", – деп атап өтті Жұманғарин.

Оның айтуынша, нақты заңбұзушылықтар жиі кездеседі және оларды анықтау үшін жеке тексерулер жүргізіп, құжаттармен растау қажет.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!