Жетісу облысының құрылған күнінде сәбилерге сыйлық, кезектегі тұрғындарға жаңа пәтер берілді

15:56, 8 маусым 2023
121

© Сурет: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін Жетісу облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай Талдықорған қаласында көп пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.

"Жаңа қонысқа ие болғандардың басым бөлігі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, І-ІІ топ мүгедектері, толық емес және көп балалы отбасылар және басқа да әлеуметтік әлжуаз топтың өкілдері" , - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

8-ші шағын ауданда орналасқан жаңа тұрғын үйдегі пәтер кілттерін тапсырған облыс әкімі Бейбіт Исабаев талдықорғандықтарды қатар келген қос қуанышпен құттықтады.

Жетісу облысының құрылған күнінде сәбилерге сыйлық, кезектегі тұрғындарға жаңа пәтер берілді

Сурет: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

"Бүгін екі бірдей қуаныш қатар келіп отыр. Жетісу облысының құрылғанына бір жыл толды және 8-ші шағын ауданда жаңа үйді пайдалануға беріп отырмыз. Талдықорғанда қазір 15 мыңдай адам кезекте тұр. Азаматтардың 15-20 жылдап кезекте тұруы әділетсіздік. Мұндай жағдайдың қалыптасуына жергілікті атқарушы органдардың да кінәсі бар. Сондықтан әділдікпен, кезектің ретін ашық сақтай отырып, алдағы 3-4 жылда кезектің санын екі есе қысқарту үшін құрылыс қарқынын жылдамдатып, тұрғын үй салу көлемін арттыруды қолға алдық. Бұл ретте кезекте тұрған халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына баса көңіл бөлінетін болады. Келесі аптада тағы бір үй беріледі. Шілдеде 3 көп пәтерлі үй, тамызда 4 үй пайдалануға беріледі. Жыл соңына дейін жалпы қаламызда 51 көп пәтерлі тұрғын үй тапсырылады. Осылайша екі мыңға жуық тұрғын баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұл рекордтық көлем деп айтуға болады. Осы үйдің құрылысын жүргізген жергілікті компания "Шымыр" серіктестігіне рақмет айтамын. Жаңа үйлеріңізде шаттық пен қуаныш мол болсын. Қоныстарыңыздың іші бақ пен ырысқа толсын" – деді Б.Исабаев.
Жетісу облысының құрылған күнінде сәбилерге сыйлық, кезектегі тұрғындарға жаңа пәтер берілді

Сурет: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін жаңа пәтерге ие болғандар қатарында "Айналайын" балалар үйінің 12 тәрбиеленушісі де бар. Аталған балалар үйінің тәрбиешісі Майра Бейісбекова ерекше толқынысын жасырған жоқ.

"Қырық жылдан бері тәрбиеші болып еңбек етіп келемін. Бүгін өзім бастауыш сыныптан бастап тәрбиелеген балаларым үйлі болып жатыр. Олардың ішінде отбасын құрып үлгергендері де бар. Ана ретінде, ұстаз ретінде қуанышым шексіз. Енді балаларымыз үшін алаңдамайтын болдық, себебі олардың енді өз баспаналары бар", - деді М.Бейісбекова.
Жетісу облысының құрылған күнінде сәбилерге сыйлық, кезектегі тұрғындарға жаңа пәтер берілді

Сурет: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бұл 72 пәтерлі 9 қабатты тұрғын үйді "Шымыр" ЖШС салды. Бүгін соның 36 пәтерлік 1-ші блогы пайдалануға берілді. Екінші блогы келесі аптада іске қосылады. Бұл үйдің құрылысы 2020 жылы басталған болатын. Үйдің жалпы алаңы 4731,38 м2. Құрылыстың құны 769,6 млн. теңге.

Атап өтсек, Жетісу өңірінде облыстың құрылғанына 1 жыл толуына арналған түрлі шаралар өткізілуде. Мәселен, Текелі қаласында 40 отбасы қоныстойын тойлады. Көп пәтерлі бұл үйге бюджет қаражатынан 546 млн. теңге жұмсалды. Сол сияқты өткен жылы облыс құрылған 8 маусымда өмірге келген бүгінгі 1 жасар 42 сәбиге облыс әкімінің құттықтау хаты мен велосипед-коляска сыйға тартылды.

Жетісу облысының құрылған күнінде сәбилерге сыйлық, кезектегі тұрғындарға жаңа пәтер берілді

Сурет: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің стадионында футболдан жолдастық кездесулер өткізілді. Ал кешкілік "Жастар" саябағында облыс күніне арналған мерекелік шаралар, концерттік бағдарламалар жалғасады. Осы шарада бірқатар жетісулық азаматқа өңірдің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірнеше номинация бойынша арнайы сыйлықтар тапсырылады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!