Қазақстан Президенті әлемдегі қақтығыстардың ушығуына алаңдаушылық білдірді

14:08, 19 желтоқсан 2025

© Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық дағдарыстар күшейіп, көпжақты ынтымақтастық тетіктері әлсіреген қазіргі кезеңде әділетті әрі тұрақты әлем құру мәселесіне қатысты көзқарасын білдірді.

Президенттің айтуынша, соңғы он жылда әлемде қарулы қақтығыстар саны артып, олардың ауқымы кеңейген. Былтыр жаһандық әскери шығындар 2,7 триллион долларға жетіп, бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілген.

"Алпауыт мемлекеттер арасындағы стратегиялық бақталастық шегіне жетті. Соның салдарынан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесі ірі халықаралық қақтығыстарды шешуде дәрменсіз күйге түсті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент халықаралық институттардың тиімді жұмыс істеуі үшін мемлекеттер арасындағы сенімді қалпына келтіру қажет екенін атап өтті.

"Стратегиялық сенімнің жаңа мәдениеті халықаралық ынтымақтастық пен ұжымдық шешім қабылдаудың негізіне айналуға тиіс. Қазақстан бұл қағидаттарды Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сияқты халықаралық алаңдарда тұрақты түрде ілгерілетіп келеді", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі сын-қатерлерге бірде-бір ел жеке-дара төтеп бере алмайтынын айтып, ұзақ мерзімді нәтижеге тек бірлескен әрі тиімді әрекет арқылы қол жеткізуге болатынын атап өтті. Оның пікірінше, Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық қатынастарды реттейтін әмбебап әрі баламасы жоқ ұйым ретіндегі рөлін сақтауы тиіс.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!