Астанада бір мезетте 40-тан астам шыршаның шамы жағылды

19:53, 19 желтоқсан 2025

© Сурет: Астана әкімдігі

Бүгін, 19 желтоқсанда Астана қаласында бір мезетте 40-тан астам жаңа жыл шыршасының шамы жағылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қала аумағындағы мерекелік алаңдарда мұз айдындары, сырғанақтар, шағын сәулет нысандары, фотоаймақтар мен түрлі ойын-сауық алаңдары ұйымдастырылды.

Биіктігі 25 метр болатын алып шыршалар "Астана Арена" стадионының автотұрағында, "Қазақ Елі" монументі маңындағы алаңда, Ақбұлақ өзенінің жағалауында және Ботаникалық бақта жарқырай түсті."Астана Арена" стадионы маңындағы 25 метрлік шырша қар ұлпасымен, сәнделген өрнектермен, гирляндалармен және жаңа жылдық ойыншықтармен безендірілді. Бұл жерде мәнерлеп сырғанаушылар өнер көрсетіп, тұрғындар мұз айдындары мен сырғанақтарда көңіл көтерді. Жиылған жұрт алдында Дастан Оразбеков, "Бәйтерек" тобы, Qanay және би ұжымдары өнер көрсетті. Сол сияқты бұл жерде фуд-корттар, жаңа жыл тақырыбындағы фотоаймақтар және "Аяз Ата үйі" бар. Балаларға аниматорлардың қатысуымен арнайы ойын-сауық бағдарламасы мен сыйлықтар әзірленді.

Сондай-ақ Орталық саябақта, Ғашықтар паркінде, Әйтеке би көшесіндегі аллеяда, "Бухарест" паркінде және Үркер тұрғын алабында да жаңа жылдық шыршалардың шамы жағылды. Қоғамдық кеңістіктер мерекелік жарық инсталляцияларымен, мұз айдындарымен, сырғанақтармен, фотоаймақтармен және тақырыптық шағын сәулет нысандарымен құлпыра түсті.

Бұл күні Green Mall, "Сарыарқа", Keruen City, "Азия Парк", "Хан Шатыр" сауда-ойын-сауық орталықтарының маңында және өзге де танымал қалалық локацияларда да шырша шамы жағылды.

Сарайшық ауданындағы "Қазақ Елі" алаңында шырша жағу рәсімі нағыз ертегі әлемін еске түсірді. Мұнда кәсіби мәнерлеп сырғанаушылар өнер көрсетіп, балаларға арналған анимациялық бағдарламалар, ойындар ұйымдастырылды. Алаңда екі мұз айдыны, екі сырғанақ, 25 метрлік шырша, жарықтандырылған паннолар мен шағын сәулет нысандары орнатылды. Аумағы 3 мың шаршы метрді құрайтын негізгі мұз айдыны жаппай сырғанауға толық дайын. Алты түрлі фотоаймақ, оның ішінде "Пряня", "Пряник үйшік", "Камин", "Сыйлықтар салынған кресло" және "Санта үйшігі" келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. "Сыйлықтар фабрикасында" балалар Аяз атадан жаңа жылдық сыйлықтар алды.

Сонымен қатар "Нұрлы Жол" теміржол вокзалы маңында және Жұмысшы мамандықтар аллеясында биіктігі 20 метрлік жаңа жылдық шыршалар шамын жақты.

Алматы ауданында мерекелік шыршалар Ақбұлақ өзенінің жағалауында, "Жерұйық" саябағының орталық бөлігінде, Қажымұқан Мұңайтпасов көшесіндегі "Колизей" баскетбол алаңында және Теміржолшылар тұрғын алабында орнатылды. Негізгі мерекелік орталық Ақбұлақ жағалауында бой көтерді. Мұнда 25 метрлік шырша, ергежейлілер мен қояндар мүсіні, сәнделген каминдер, жарықтандырылған ағаштар мен фотоаймақтар қойылды. Аниматорлар балалардың көңілін көтере білді. Алаңда Гринч секілді ертегі кейіпкерлері де болды. Кеш соңында концерт пен салют өтті.

Байқоңыр ауданында бес жаңа жылдық шырша «Жастар» сарайы аумағында, К.Ататүрік атындағы саябақта, Өндіріс, Кірпішті тұрғын алаптарында және Қоянды саяжай аумағында орнатылды. К.Ататүрік атындағы саябақ негізгі мерекелік орынға айналып, 20 метрлік шырша, мұз айдыны, қар сырғанағы және тақырыптық шағын сәулет нысандары орнатылды. Балалар үшін Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен ойындар ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға сыйлықтар таратылды. Кеш соңында отшашу ұйымдастырылды.

Сарыарқа ауданында биіктігі 3 метрден 18 метрге дейінгі алты шыршаның шамы жағылды. Олар Қалалық алаңда, Бөгенбай батыр даңғылы бойындағы гүлзарда, «Көктал» саябағында, Есіл жағалауында, «Наз» мемлекеттік би театры жанында және Юбилейная көшесінде орналасқан. Қалалық алаңда Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен концерттік бағдарлама, балалар мен ересектерге арналған ойындар, сондай-ақ жас хоккейшілер өткізген мұзда сырғанау бойынша шеберлік сабағы өтті.

Есіл ауданында шыршалар ЭКСПО аумағында, Ботаникалық бақта, «Жетісу» саябағында, Қазақ радиосы көшесі бойында және «Бағыстан» тұрғын кешенінде орнатылды. ЭКСПО аумағында 22 метрлік шырша, мұз айдыны мен сырғанақ орнатылды. Ал Ботаникалық бақта 25 метрлік алып шырша алыстан менмұндалап тұр. Балаларға арналған анимациялық бағдарламалар, концерттік нөмірлер және алып қуыршақтар қатысқан ойын-сауық шаралары өтті.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!