Жемқорлар, педофилдер мен лаңкестер рақымшылыққа ілікпейді – депутат Абзал Құспан

10:13, 3 маусым 2026

© Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева

2026 жылғы 3 маусымда Мәжіліс депутаттары пленарлық отырыста "Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Сонымен қатар, осы заңға қатысты ілеспе заң жобалары да қолдау тапты.

"Қылмыстық рақымшылық аясында қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыстар және келтірілген залал болмаған немесе толық өтелген орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан адамдарға қатысты қылмыстық істерді тоқтату ұсынылып отыр. Бұл норма сот қарауындағы істерге де қатысты болады. Амнистия заң күшіне енгенге дейін жасалған құқықбұзушылықтарға қолданылады",- деді Абзал Құспан.

Сонымен қатар, азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар үшін сотталған адамдарды жазадан босату ұсынылады. Атап айтқанда:

  • қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасағандар;
  • зиян келтірмеген немесе келтірілген залалды толық өтеген орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар.

Бұдан бөлек, орташа ауырлықтағы, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың өтелмеген жаза мерзімін қысқарту жоспарланып отыр.

"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 78-бабына сәйкес, амнистия аса қауіпті қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмайды. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизм қылмыстары, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар, азаптау фактілері, қылмысты қайталап жасау жағдайлары, қоғамдық қауіптілігі жоғары құқықбұзушылықтар, жақында қылмыстық жауапкершілік енгізілген әрекеттер, сондай-ақ сырттай сотталған адамдар амнистияға ілікпейді", – деді Абзал Құспан.

Сондай-ақ заң жобасында рақымшылық қолданылмайтын қылмыстардың нақты тізімі белгіленген.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 476-бабының 15-тармағына сәйкес, амнистияны қолдану туралы түпкілікті шешімді әрбір сотталған адамға қатысты жеке тәртіппен сот қабылдайды.

Бұл ретте, заң жобасы жергілікті атқарушы органдарға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын азаматтарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру міндеттерін жүктейді.

Әкімшілік амнистия аясында келесі санаттағы тұлғаларды әкімшілік айыппұлдан толық босату ұсынылған:

  • Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жеке тұлғалар;
  • жеке кәсіпкерлер санатындағы кәсіпкерлік субъектілері;
  • жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, заң консультанттары.

Алайда әкімшілік рақымшылық соттар салған айыппұлдарға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін құқықбұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарға қолданылмайды.

Заң жобасында рақымшылық жүрмейтін әкімшілік құқықбұзушылықтардың да нақты тізімі қарастырылған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!