Жалақы, қосымша төлемдер және даулы мәселелер бойынша мұғалімдер 1472 нөмірінен кеңес ала алады

09:12, 24 қараша 2026
MKZ: 1579347

© Сурет: pixabay

Қазақстанда мұғалімдерге арналған жаңа байланыс орталығы іске қосылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2026 жылғы 23 қарашада Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Құрметті педагогтер! Оқу-ағарту министрлігі сіздерге қолдау көрсету үшін "Ұстаз" платформасында 1472 байланыс орталығын іске қосып жатыр. Педагогтердің күнделікті жұмысында жедел шешуді қажет ететін сұрақтар көп екенін білеміз. Олардың қатарында еңбек қатынастары мен еңбек жағдайына, басшылықпен немесе ата-аналармен арадағы келіспеушіліктерге, әдістемелік қолдауға, жалақы мен қосымша төлемдерді есептеуге қатысты және өзге де мәселелер бар", – деді министр.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мұғалімдер көбіне өтініштеріне жауап алу үшін айлап күтуге, бір сұрақты бірнеше рет жолдауға және түрлі мекеменің есігін қағуға мәжбүр.

"Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Біздің міндетіміз – осы тәртіпті өзгерту. Енді әр педагог 1472 нөміріне хабарласып, кеңес ала алады. Орталық мамандары мәселені шешуге де көмектеседі. Өтініштерді қабылдау кезінде құпиялылық сақталып, педагогтердің құқықтары қорғалады. Біз үшін мұғалімнің өз мәселесімен жалғыз қалмауы маңызды. Оның сөзін тыңдап, өтінішіне дер кезінде жауап беріп, нақты шешім табуға көмектесуіміз керек. Байланыс орталығын ең алдымен әр педагогтің үнін есту үшін құрып отырмыз. Өйткені мұғалімнің құқығы мен қадір-қасиетін қорғауға, оған лайықты еңбек жағдайын жасауға білім беру жүйесі тікелей жауапты", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Әзірге байланыс орталығы сынақ режимінде жұмыс істеп тұр.

"Осы аптада және келесі аптада орталықтың жұмысын сынақтан өткіземіз. Барлық үдерісті тексеріп, техникалық ақаулар анықталса, оларды жедел түзетеміз. Жүйе толық іске қосылған кезде орталықтың тұрақты жұмыс істеуі және әр педагогтің қажетті көмек пен кеңесті кедергісіз алуы біз үшін маңызды", – деді министр.

Жұлдыз Сүлейменова педагогтерді осы мүмкіндікті қазірден бастап белсенді пайдалануға шақырды. Олардың өтініштері мен пікірлері орталықтың жұмысын жетілдіруге көмектеседі.

2026 жылғы 16 қарашада Жұлдыз Сүлейменова ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін педагогтердің жалақысын қайта қарауды қолдауға дайын екенін айтқан еді. Сондай-ақ сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақыны көтеру мәселесі де қарастырылып жатыр.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!