«Зая кеткен еңбек». Жамбыл облысында да қоймалардағы мыңдаған тонна пияз шіріп жатыр

22:03, 18 наурыз 2024

© Сурет: видеодан алынды

Жамбыл облысында мыңдаған тонна пияз қоймаларда шіріп жатыр. Өйткені көкөністің бұл түріне сұраныс азайған. Сондай-ақ өңірде пиязды бүлдірмей сақтайтын тоңазытқышпен жабдықталған қойма жоқ, деп хабарлайды Zakon.kz.

Енді жаз бойы еңбектенген шаруалар тау болып үйілген өнімдерін қоқысқа тастауға мәжбүр. Биыл 20 гектар жерге соқа салған жамбылдық диқан — Нұрмамед Зулупов. Ол мың тоннадан астам өнім жинаған. Биылғы науқанда пияздан пайда көрмей, кеткен шығынды да ақтай алмағанын айтады. Диқандар, тіпті жалға алған қоймалардың да қаражатын таба алмай отыр. Өйткені құны түсіп кеткен көкөністі 10-15 теңгеден де ешкім сұрамайды, деп хабарлайды КТК.

"Пайда түгілі, шығынның өзін шығара алмай отырмыз. Кредиттен-кредит, қарыздан-қарыз. Сөздің ашығы сол, не істерімізді өзіміз білмей жүрміз. Егуге қорқып қалдық. Немен егесің, қойманың ақшасын бере алмай жатырмыз. Әлі химикаттың ақшасын бермеген жерлер бар. Олар ақшасын талап етіп жатыр. Осындай болатынын кім білген?". Кәсіпкер Нұрмамед Зулупов

Биыл елімізде миллион тоннадан астам пияз жиналған. Оның басым бөлігі Жамбыл облысынан. Ал ішкі сұраныс орта есеппен - 315 мың тонна. Қазір Жамбыл облысында 138 мың тонна пияз өтпей тұр. Ал қазақстандық пияздың басты тұтынушысы саналатын Пәкістан да биыл сұранысты күрт азайтқан. Енді ауыл шаруашылығы министрлігі шығынға батқан шаруаларға көмектесудің амалын қарастырып жатыр. Ведомствоның хабарлауынша, қазір пиязды өткізетін жаңа нарық іздестірілуде.

Айта кетсек, бірер күн бұрын желіде пияздың отаны - Шеңгелдіде осы өнімнің бір келісі 15-20 теңгеден сатылып жатқаны, ал өтпесе бір қойма пияз өздігінен шіріп кеткелі тұрғаны туралы ақпарат пайда болды. Ауылшаруашылығы министрлігі аталған ақпаратқа қатысты түсініктеме беріп, пияз бағасының құлдырауына не түрткі екенін айтқан еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!