Түркияда 67 жастағы әйел адам саудасы үшін сотталды

10:36, 31 шілде 2026
MKZ: 1558956

© Фото: Zakon.kz

Сот адам саудасы бойынша айыпталған 67 жастағы Севиндж Дашдемирзадеге (Курт) үкім шығарды. Ол әйелдерді түрлі сылтаумен алдап Түркияға әкетіп, жыныстық қанауға мәжбүрледі деп айыпталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Oxu.az басылымының Qafqazinfo-ға сілтеме жасап жазуынша, жәбірленушілер Курттың олардың шарасыз күйі мен ауыр материалдық жағдайын пайдаланғанын айтқан. Ол Денизли қаласында жұмысқа орналастыруға уәде беріп, әйелдердің сеніміне кірген. Алайда Түркияға барғаннан кейін олардың ұялы телефондары мен төлқұжаттарын тартып алған.

Әйелдерге психологиялық қысым көрсетіп, отбасы алдында масқаралайтынын айтып бопсалаған. Жәбірленушілер Түркияда 30 жылдан бері тұратын Севиндждің олардың еркін басу үшін түрлі әдіс қолданғанын мәлімдеді.

Психологиялық қысым салдарынан олар қарсылық көрсетуге қауқарсыз болып, кейін жыныстық сипаттағы қызмет көрсетуге мәжбүр болған.

Жәбірленушілер Түркия Ішкі істер министрлігінің Адам саудасына қарсы күрес бас басқармасына шағымданғаннан кейін Куртқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оған Қылмыстық кодекстің адам саудасына қатысты бабының бірнеше тармағы бойынша айып тағылды.

Егде жастағы айыпталушы сотта кінәсін мойындамай, әйелдерді жыныстық қанауға мәжбүрлемегенін мәлімдеді. Ал жәбірленушілер оған ең қатаң жаза тағайындауды сұрады.

Нәтижесінде сотталушы тағылған айыптардың барлығы бойынша кінәлі деп танылып, 8 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды.

Бұған дейін Түркиядағы курортта адамдар мінген автокөліктің құзға құлап кеткені хабарланған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!