Алматы ICCA әлемдік рейтингінде бірден 10 сатыға көтерілді

19:14, 30 шілде 2026
MKZ: 1558880

© Сурет: Алматы әкімдігі

Алматы ICCA қауымдастығының жыл сайынғы рейтингінде 10 сатыға жоғары көтерілді. Бұл қаланың конгрестер, конференциялар және өзге де іскерлік іс-шараларды өткізуге қолайлы орталық ретіндегі беделі артып келе жатқанын көрсетеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

ICCA (International Congress and Convention Association) – іскерлік туризм индустриясындағы жетекші халықаралық коммерциялық емес қауымдастықтардың бірі. Оның құрамына әлемнің 100-ге жуық елінен 1 100-ден астам ұйым кіреді. Ұйымның жыл сайынғы рейтингі MICE-туризмнің даму деңгейін бағалайтын ең беделді халықаралық көрсеткіштердің бірі саналады.

Almaty Tourism Bureau ICCA қауымдастығына үш жылдан бері мүше. Бұл Алматыға халықаралық кәсіби қауымдастықпен, конгресс ұйымдастырушыларымен және саланың жетекші серіктестерімен тікелей байланыс орнатуға, сондай-ақ қаланың іскерлік туризмдегі әлеуетін жаһандық деңгейде танытуға мүмкіндік беріп келеді.

ICCA-ның 2025 жылғы мәліметіне сәйкес, Алматыда өткен халықаралық іс-шараға қатысқан бір делегаттың орташа шығыны 1 210 АҚШ долларына жетті. Бұл сомаға қонақ үйде тұру, тамақтану, көлік және өзге де қызметтерге жұмсалған қаражат кіреді.

Орта есеппен бір халықаралық іс-шара қала экономикасына шамамен 327 мың АҚШ доллары көлемінде экономикалық әсер етеді. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматыда өткен ICCA іс-шараларының жалпы экономикалық үлесі шамамен 2,94 млн АҚШ долларына жетті.

Бұл көрсеткіштер ICCA-ның іс-шараға қатысушылардың тікелей шығыны мен олардың қабылдаушы қала экономикасына қосатын үлесін ескеретін ресми әдістемесі негізінде есептелген.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!