Түркияда Ливия генералы мінген ұшақ апатқа ұшырады: деректер мен бейнежазба

14:48, 24 желтоқсан 2025

© Сурет: pixabay

Анкара әуежайынан ұшып шыққан, бортында Ливия армиясының Бас штаб бастығы генерал Мухаммед Әл-Хаддад болған ұшақтың апатқа ұшырағаны белгілі болды, деп хабарлайды Zakon.kz

Түркия Ішкі істер министрі Али Ерликай Анкара провинциясында ұшақтың сынықтары табылғанын растады.

"Анкарадағы Эсенбога әуежайынан Триполиға бағыт алған ұшақтың сынықтары Хайман ауданы, Кесиккавак ауылынан 2 км оңтүстікте табылды", – деп жазды ол X (Twitter) желісінде.

Бортта болған Ливия Бас штабының бастығы Мухаммед Әл-Хаддад пен оның серіктестері түгел қаза тапқан. Бұл туралы Триполи базасында орналасқан Ливия Ұлттық келісім үкіметінің (ҰКҮ) басшысы Абдельхамид Дбейба мәлімдеді.

"Біз Ливия Бас штабының бастығы Мухаммед әл-Хаддад пен оның серіктестерінің қаза болғаны туралы хабар алдық", – деп жазды оның сөзін РИА Новости агенттігі.

Ұшақ апатына техникалық ақау себеп болуы мүмкін деген болжам айтылуда. Іс бойынша тергеу басталды.

"Анкараның Бас прокуратурасы Эсенбога әуежайынан ұшып шыққан және Хайман ауданында апатқа ұшыраған Ливия Бас штабы бастығы генерал Мухаммед Али Ахмед Әл-Хаддад отырған ұшақ апаты бойынша тергеу жүргізуде", – деп жазды Түркия Әділет министрі Йылмаз Тунч X желісінде.

Түркия Президент әкімшілігінің коммуникациялар басқармасы басшысы Бурханеттин Дуран мәліметінше, жеке ұшақта жеті адам болған: төрт ливиялық делегация мүшесі, соның ішінде Бас штаб бастығы және үш экипаж мүшесі. Ұшақ 20:17-де Эсенбога әуежайынан ұшып шыққан, ал 20:33-де диспетчерлік қызметке электр жабдығының ақауына байланысты төтенше жағдай туралы хабарлап, жедел қону сұраған.

"Диспетчерлік қызмет ұшақты Эсенбога әуежайына қайтарды, қажетті шаралар қабылданды. Апаттық қонуға төмендеуге кіріскен ұшақ 20:36-да радардан жоғалып кетті, содан кейін байланыс орнамады", – деп хабарлады Дуран.

Boşuna Tıklama басылымы апатқа ұшыраған ұшақтың ұшу траекториясын көрсететін видеоны жариялады.

Айта кету керек, Ливия Бас штабы бастығы генерал Мухаммед Әл-Хаддад Анкарада ресми сапармен болған. 23 желтоқсанда ол Түркиядағы әріптесі Сельчук Байрактароглу және Түркия Қорғаныс министрі Яшар Гюлермен кездесулер өткізген.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!