Түркістан облысында мектеп ауласынан 1353 жылы жасалған қол диірмен табылды

18:33, 16 қазан 2024

© Сурет: Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі

Түркістан облысы Келес ауданы білім бөліміне қарасты №31 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектебінің ауласынан құнды жәдігер – 1353 жылы тастан жасалған қол диірмен табылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мектеп басшысының мәліметінше, мұражайда ХVІІІ-ХІХ ғасырларға тиеселі ағаш шоқпар мен ожау, ежелгі қаңлы дәуіріне тиеселі саз балшықтан жасалған құмыралар мен ыдыстар бар. Сондай-ақ сөрелерге көне монеталар мен қоладан жасалған шәйнек, кесе секілді тұрмыстық заттар қойылған екен, деп жазды otyrar.kz.

Жүзімдік ауылында орналасқан мектеп ауласына 1985-1986 жылдары археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Жалпы аумағы 68 шаршы метр болатын мұражай екі бөлмеден тұрады. Экспозициялық бөлменің аумағы – 56 шаршы метр. Мұражайда жалпы 152 экспонат бар.

"Балалар қазіргі таңда осы жәдігерлерді зерттеп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жазып жатыр, - дейді мектеп директоры Ақмарал Қамбарова.

Ұстаздардың айтуынша, қазіргі кезде де мектеп ауласында, ауыл маңында көптеген жәдігерлерді кездестіруге болады. Тарихшы мамандардың қорытындысына сәйкес, осы аймақтан табылған тарихи экспонаттар біздің заманымыздың I-XIII ғасырлардағы Қаңлы мемлекеті мен Қарахан мемлекеті кезеңдеріне жатады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!