Тоқаев Үкімет құрамында өзгерістер болатынын айтты

13:34, 23 тамыз 2026
MKZ: 1562847

© Фото: zakon.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауынан кейін Үкіметтің отставкаға кететінін және Министрлер кабинеті құрамында бірқатар өзгеріс болатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы қазіргі Үкіметтің жұмысына алаңдауға негіз жоқ екенін атап өтті.

"Ашығын айтқанда, дәл бүгін Үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ. Министрлер де, Үкімет жетекшісі де қолдан келгенше міндеттерін атқарып жатыр. Бірақ кадрлық өзгерістер әрдайым болады. Өйткені бұл Үкіметтің жұмысына қан жүгіртеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент кадрлық өзгерістердің мақсаты біреуді қызметтен босату емес, Үкімет жұмысына жаңа серпін беру екенін айтты.

"Мәселе біреуді орнынан босатуда емес. Мен жай сылтаумен жұмыстан шығаруға қашанда қарсымын. Әсіресе, қазіргі тілмен айтқанда, медиадағы контент немесе мазмұн үшін ауыс-түйіс жасаудың қажеті жоқ. Кадрлық шешім шын мәнінде жұмысқа тың серпін беруі керек", – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, әлемдегі бәсекелестік күшейіп келеді. Сондықтан Үкімет нарықтағы сын-қатерлерге дер кезінде жауап беріп, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындауы керек.

"Бәріміз айтып жүрген жаңғыру үдерісі үздіксіз жүргізілуге тиіс. Өйткені бұл күрделі процесті алға жетелеп отыру қажет. Бұл істе Үкімет маңызды рөл атқарады", – деді Президент.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!