Алматы облысында Құрылтай сайлауы басталды: миллионнан астам сайлаушы дауыс береді

07:35, 23 тамыз 2026
MKZ: 1562735

© Сурет: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

23 тамызда елімізде Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Алматы облысында 683 сайлау учаскесі ашылып, дауыс беру басталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өңір әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, сайлаушылар тізіміне дауыс беру құқығы бар 1 042 987 азамат енгізілген. Оның ішінде кәмелет жасына толған 14 104 азамат сайлауға алғаш рет қатысып отыр.

"Облыстағы барлық сайлау учаскесі қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, дауыс беруге толық дайындалды. Бақылаушылардың, сенім білдірілген адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмыс істеуіне барлық қажетті жағдай жасалды", – делінген хабарламада.

Сайлау процесінің қолжетімділігіне де ерекше назар аударылған.

"Өңірде ерекше қажеттілігі бар 2122 сайлаушы бар. Олардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау үшін сайлау учаскелерінде арнайы кабиналар, пандустар мен тактильді көрсеткіштер орнатылып, ақпараттық материалдар қолжетімді форматта әзірленді. Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын азаматтар заңнамаға сәйкес өздері тұрған жерде дауыс бере алады", – деп мәлімдеді әкімдік.

Сайлау қарсаңында өңір тұрғындарына миллионнан астам шақыру қағазы таратылды. Ал дауыс беру күні өзінің елді мекенінен тыс жерде жүрген азаматтарға 2238 есептен шығару куәлігі берілді.

Алматы облысында Құрылтай сайлауы басталды: миллионнан астам сайлаушы дауыс береді, сурет - Zakon.kz жаңалық 23.08.2026 07:35

Сурет: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мәселен, облыс орталығындағы №956 сайлау учаскесінде дауыс беру салтанатты түрде басталды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалғаннан кейін Қонаев қаласының құрметті азаматы Амангелді Беспаев бата беріп, жерлестеріне ел үшін маңызды күні саналы таңдау жасауды тіледі.

"Бүгінгі күн бейбітшілік пен келісімде өтсін. Жасаған таңдауымыз Қазақстан мен болашақ ұрпақтың игілігіне қызмет етсін. Барша жерлесіме амандық, бірлік пен жақсылық тілеймін", – деді ақсақал.

Сайлау барысын халықаралық байқаушылар да бақылап отыр. Орталық сайлау комиссиясы 42 шет мемлекет пен 13 халықаралық ұйымнан келген 777 халықаралық байқаушыны аккредиттеді.

Әкімдік мәліметінше, сайлау учаскелері заңнамада белгіленген уақытқа дейін жұмыс істейді. Алматы облысының тұрғындары өздерінің конституциялық құқығын пайдаланып, Құрылтайдың жаңа құрамын жасақтауға қатыса алады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!