Тоқаев: Негізгі заңға жасалатын өзгерістер жаңа Конституция қабылдауды қажет етеді
© Фото: akorda.kz
2026 жылғы 30 қаңтарда Волонтерлер форумында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға жасалатын алдағы өзгерістер тақырыбын қозғады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президенттің айтуынша, 29 қаңтарда Конституциялық комиссия мүшелері ұсынылған өзгерістердің ауқымдылығын талдап, негізгі заңға енгізілетін түзетулер көлемі жаңа Конституция қабылдауды қажет ететінін мәлімдеген.
"Конституция, бұл – кез келген елдің ең басты жол көрсететін құжаты, темірқазығы. Конституцияны бәріміз білуіміз керек, бағалауымыз қажет. Сондықтан егер болашақта Конституцияға қандай да бір өзгерістер, тіпті, шағын өзгерістер енгізу керек болып жатса, ондай қадамды тек референдум арқылы ғана жасауға болады деген ойдамын. Бұл да халқымыздың азаматтық құқығын күшейтудің маңызды тәсілі деп сенемін. Тағы бір айта кететін маңызды жайт: Комиссия Конституцияға қатысты ұсыныстың бәрін мұқият саралап шықты. Мұқият ойластырылған түзетулер Конституцияның барлық негізгі бөлімдері мен баптарын, преамбуласын түгел қамтитын болады". Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысының сөзінше, қолданыстағы Ата Заң Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына елеулі үлес қосты. Мұны ешкім жоққа шығармайды.
"Кешегі отырыстағы пікірталаста Комиссия мүшелері "Ата Заңға енгізілетін өзгерістер ауқымына қарасақ, жаңа Конституция қабылдауымыз керек" деген байлам жасады. Шын мәнінде, ұсынылған түзетулер жобасы елді институционалдық-құқықтық тұрғыда жаңғыртумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге бұл қадам тұтас мемлекеттік жүйені қайта түзуге жол ашады. Түбірімен өзгерген мүлдем жаңа құжаттың бейнесі қалыптасты. Ата Заңымызда жарқын болашаққа нық қадам басқан бүгінгі Қазақстанның тұғыры әбден бекіген мемлекет ретіндегі идеалдары, қағидаттары мен басымдықтары көрініс табады. Әрине, қолданыстағы Ата Заң Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына елеулі үлес қосты. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Сондықтан былтырғы 30 тамызда Конституцияның 30 жылдығын кеңінен атап өттік". Қасым-Жомарт Тоқаев
Бұл ретте, президент Конституцияда гуманитарлық құндылықтарды қалыптастыру маңызды деп санайды.
"Комиссия мүшелері ұсынған заңнамалық ережелерде адам құқықтары бәрінен жоғары тұратыны және адам капиталы ең қымбат құндылық екені айқын көрсетілген. Сондай-ақ әр азаматтың өз әлеуетін іске асыруға теңдей мүмкіндік беретін әділ қоғам құруды көздейді. Ғылым-білім, инновация салаларын дамытудың маңызына ерекше назар аударылып отыр. Жаңа тарихи кезеңде еліміздің цифрлық дәуірге бейімделуі жеткіліксіз. Жасанды интеллект және басқа да озық технологиялар біздің қоғамға қызмет етуі қажет. Сондықтан даму көшінің бағытын нақты айқындауымыз керек. Ата заңымызда адамгершілік құндылықтарды ерекшелеп, бөлек жазу ұсынылды. Бұл да – өте маңызды". Мемлекет басшысы
Басқаша айтқанда, адам жасанды интеллектіге қызмет етпейді, керісінше, адамзаттың ақыл-ойынан туындаған жасанды интеллект тұрмыс-тіршіліктің барлық саласында толайым табысқа жетуі үшін азаматтарға көмектеседі.
"Конституцияда гуманитарлық құндылықтарды қалыптастыру маңызды деп санаймын. Атап айтқанда, жалпыұлттық бірегейлікті нығайтуға, табиғатты аялауға басымдық беру жөнінде сөз қозғап отырмыз. Бұл мәселе бүгінгі баяндамашылардың сөзінде қамтылды. Идеяларыңызды қолдаймын. Сонымен қатар бай мәдени мұрамызды сақтауға, дәріптеуге бағытталған волонтерлеріміздің қызметін де қуаттаймын". Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға енгізілетін өзгерістер еліміздің дамуын жаңа әрі сапалы деңгейге көтеретіндігіне сенімді.
"Бүкіл мемлекеттік жүйені қайта құрып, билік пен қоғамның ықпалдастығын жетілдіре түседі. Ұсынылған түзетулердің ішінде жауапты әрі жасампаз отаншылдық туралы идея бар. Патриотизм – құр ұран емес. Бұл қасиетті ұғымға жауапкершілікпен қараған абзал. Мен бұл жайында жақында өткен Ұлттық құрылтай отырысында айтқан болатынмын. Отаншыл азамат дегеніміз – жауапкершілігі жоғары және жасампаз азамат. Мен еліміздегі әрбір еріктіні – баршаңызды дәл осындай нағыз отаншыл азаматтар деп санаймын.Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент комиссия конституциялық мәселелердің барлық спектрін қамтитын көптеген ұсыныстарды талдағанын атап өтті. Сондықтан жүйелі, мұқият ойластырылған түзетулер Конституцияның прeамбуласын қоса алғанда, дерлік барлық негізгі бөлімдер мен баптарды қамтыды.
Республикалық адвокаттар коллегиясының төрағасы Мади Мырзагараев 2026 жылғы 29 қаңтарда Конституциялық реформа комиссиясының отырысы кезінде жаңа Конституцияны қабылдау мәселесін қарастыруды ұсынды.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
14:23, 30 қаңтар 2026
Жаңаөзенде ер адам өзінің әйелін өлтірді деген күдікке ілінді - марқұмның артында жеті баласы қалды
-
14:17, 30 қаңтар 2026
Өскемен қаласын қою түтін басып тұр
-
14:08, 30 қаңтар 2026
Павлодарда жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілер жауапқа тартылуда
-
13:55, 30 қаңтар 2026
ХҚКО-ға бармай-ақ жеке куәлік рәсімдеу: нені білу керек
-
13:47, 30 қаңтар 2026
Қарағандыда көлікті айдап әкеткен күдікті алғашқы қиылыста ұсталды





