Тоқаев Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасын қабылдады

18:11, 23 сәуір 2026

© Сурет: akorda.kz

Мемлекет басшысы 2026 жылғы 23 сәуірде Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзерді қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорда мәліметіне сүйенсек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы, CLAAS Group байқаушылар кеңесінің төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзер қазақ-герман экономикалық ынтымақтастығын одан әрі нығайту перспективасын талқылады.

Президент екіжақты байланыстарды дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін Басқарма төрағасына алғыс айтып, бірлескен бастамалар мен жобаларды қолдау жалғасатынына сенім білдірді.

Катрина Клаас-Мюльхойзер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқын жаңа Конституция қабылдау бойынша референдумның табысты өтуімен құттықтады.


"Әңгімелесу барысында сауда, инвестиция, өнеркәсіп бағыттарындағы ықпалдастықтың мүмкіндіктері мол екеніне назар аударылды. Екі елдің энергетика, машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, логистика және су ресурстарын басқару сияқты салалардағы өзара кооперациясын күшейтуге мән берілді". Ақорда

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Катрина Клаас-Мюльхойзер алдағы уақытта өтетін С5+Германия форматындағы диалогтың күн тәртібін талқылап, сауда-экономикалық қатынастарды кеңейтуге уағдаласты.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!