9000 шақырымға жуық жол: 2026 жылы Қазақстанда қандай тас жолдар жөнделеді

22:31, 22 сәуір 2026

© Фото: primeminister.kz

2026 жылы Қазақстанда республикалық маңызы бар 8 900 шақырым автожолды жөндеу және құрылыс жұмыстарымен қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте "ҚазАвтоЖол" ҰҚ" АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Оның айтуынша, 2026 жылы елдің көлік инфрақұрылымын дамыту аясында республикалық автожолдардың 8 900 шақырымында түрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

"Атап айтқанда: 3 400 шақырымда – құрылыс және қайта жаңғырту, 324 шақырымда – күрделі жөндеу, 5 200 шақырымда – орташа жөндеу жүргізіледі. Жоспарланған жұмыстарды іске асыру үшін 12 мың арнайы техника, 25 мыңнан астам маман, сондай-ақ 193 асфальт-бетон зауыты жұмылдырылады. Жобаларды жүзеге асыру барысында 10 млн текше метр қиыршық тас және 1,3 млн тонна отандық битум пайдалану көзделген", – деді Дархан Иманашев.

Ол сондай-ақ халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдар желісін жаңғырту аясында 3 400 шақырымда құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары басталғанын айтты.

"Биыл жалпы ұзындығы 2 153 шақырым болатын 7 ірі жаңа жобаны іске асыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Олардың қатарында "Орталық – Батыс", "Қарағанды – Жезқазған", "Атырау – Доссор", "Қызылорда – Сақсауыл", сондай-ақ Сарыағаш, Қызылорда және Петропавл қалаларын айналып өтетін жолдар бар. Бұл жобаларды іске асыру кезінде отандық өнімдерді пайдалану және жергілікті мамандарды тарту қарастырылған. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Ұлытау облысындағы "Қызылорда – Жезқазған" автожолының 208 шақырымдық учаскесінде негізгі құрылыс жұмыстарын аяқтап, екі өңір арасындағы қозғалысты толық ашу жоспарланып отыр", – деп толықтырды спикер.

Сондай-ақ соңғы жылдары мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 30–40 жыл бойы жөнделмеген автожолдарда орташа жөндеу жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқаны атап өтілді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!