«Суық әлі алда». Бектенов жылыту маусымының басталуына байланысты қандай тапсырмалар берді

10:57, 10 қараша 2026
MKZ: 1576882

© Фото: freepik

Премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылғы 10 қарашада Үкімет отырысында өрттің алдын алуда әр азаматтың өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Үкімет басшысы жыл сайын жылыту маусымында өрт қаупі артатынын атап өтті.

"Тұрғындар пеш жағып, түрлі жылытқыштарды жиі пайдаланады. Алайда көп жағдайда өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелеріне жете мән бермейді. Алдын алу шаралары жүргізіліп жатса да, тұрғындардың өз қауіпсіздігіне деген жауапкершілігі артпай отыр. Күн суытқан сайын қайғылы жағдайға әкеп соғатын өрт оқиғалары көбейеді", – деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, өткен қыста мұндай оқиғалар аз болмаған. Өрт салдарынан зардап шеккендер де, қаза тапқандар да бар. Қазіргі дерек бойынша тұрғын үй секторындағы өрт саны 12%-ға азайған.

"Алайда бұл өрттің алдын алу шараларын бәсеңдетуге негіз бола алмайды. Жылыту маусымы енді ғана басталды. Биыл күз біршама жылы, суық әлі алда. Төтенше жағдайлар министрлігіне өрт қауіпсіздігі ережелерін насихаттау және өрттің алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырамын. Еріктілер мен қоғам белсенділерін тарта отырып, халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет.

Білім беру ұйымдарында өрт қауіпсіздігі шаралары туралы интерактивті сабақтар өткізіп, оқушылар мен студенттермен осы тақырыпта әңгімелесу керек. Олар өрт шыққан жағдайда қалай әрекет ету керектігін нақты білуге тиіс. Бұл міндет Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрліктеріне жүктеледі. Демалыс және мереке күндері тұрғын үй секторында рейдтер өткізіп, үйлерді аралау қажет. Бұл жұмысқа әкімдік қызметтері мен ішкі істер органдарының қызметкерлері де атсалысуы керек", – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Төтенше жағдайлар министрлігіне қағаз жүзінде ұсыным берумен шектелмеуді де тапсырды. Оның айтуынша, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактілері анықталғанда пәрменді шаралар қабылдау қажет.

Бұған дейін Қазақстанның үш өңірінің тұрғындары жылу сапасына шағымданғанын жазған едік.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!