Ақтөбеде 17 жастағы студенттің өліміне қатысты сот басталды

10:43, 10 қараша 2026
MKZ: 1576875

© Фото: Zakon.kz

Ақтөбеде 17 жастағы студенттің өліміне қатысты қоғамда резонанс тудырған іс бойынша сот отырысы басталды. Жасөспірім колледж жатақханасының төртінші қабатынан құлап кеткен, деп хабарлайды Zakon.

КТК телеарнасының мәліметінше, осыдан жеті ай бұрын Көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында кіші курс студенттерінің үшеуі бір бөлмеде отырған. Сол кезде олардың бөлмесіне төртінші курс студенті, 21 жастағы Мәди Сүгірбай кірген. Әуелі ол темекі сұраған. Бірақ бөлмеден темекі табылмаған соң, студенттерге оны басқа бөлмелерден іздеуді тапсырған. Кейін айыптау тарапының мәліметінше, дүкенге барып, тамақ әкелуді бұйырған.

Алайда жатақхананың есігі жабық болған. Осы кезде іс материалдарына сәйкес, жоғары курс студенті жігіттердің бірін терезеден байланған көрпелер арқылы түсіруді ұсынған. Бұл қауіпті тапсырма 17 жастағы Нұрбақыт Бақытқа жүктелген. Алайда ол қайта оралмаған.

Жасөспірім биіктіктен құлап, ауыр жарақат алған және комаға түскен. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін 42 күн күрескенімен, аман алып қала алмады.

Марқұмның анасы ұлын қорқытып, жоғары курс студентінің тапсырмаларын орындауға мәжбүрлегеніне сенімді. Ал қайғылы оқиғадан кейін колледж басшылығы болған жағдайды жазатайым оқиға ретінде көрсетуге тырысты деп есептейді.

"Таңғы сағат төртте колледжден телефон шалып, ұлымның ауруханаға түскенін хабарлады. Ақтөбеге келгенімде мені оқытушылар мен басшылық өкілдері қарсы алды. Олар ұлымның түнде қарны ашып, тамақ алу үшін терезеден өзі түспек болғанын айтты. Бірақ мен бұған сенбедім. Алдыңғы күні кешке оған ақша аударған едім. Кейін бейнеқоңырау арқылы сөйлескенімізде, сатып алған заттарын да көрсетті", – деді марқұмның анасы Құлайым Қолова.

Сот отырысына айыпталушының анасы да қатысып отыр. Ол Атырау облысынан келген. Мәди – оның жетінші, кенже баласы. Әйел ұлына тағылған айыппен мүлде келіспейді және оның кінәсіз екенін айтады.

"Балалар дүкенге бармақ болғанда, ұлым оларға 2 мың теңге беріп, "Маған да бірдеңе ала келіңдер" деп өтінген. Оның бұл оқиғаға еш қатысы жоқ, өз бөлмесіне кеткен. Менің ұлым шыбын да өлтірмейді! Оның біреуді ұрғаны немесе соққыға жыққаны туралы ешкім айтқан жоқ. Оқиға болған кезде ол тіпті жанында да болмаған. Енді бар кінәні ұлыма арта салмақшы", – деді айыпталушының анасы Бақытжамал Шабаева.

Мәди Сүгірбайға "Қауіпті жағдайда қалдыру" және "Абайсызда адам өліміне әкеп соғу" баптары бойынша айып тағылды. Алайда ол өз кінәсін мойындамай отыр.

Марқұмның анасы колледж қызметкерлері мен жатақхана басшылығын да жауапқа тартуды талап етеді. Алайда әзірге қылмыстық іс материалдарында олардың есімдері аталмаған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!