Астанада Қазақстан мен Қытайдың мәдениет жылы қорытындыланды

10:28, 10 қараша 2026
MKZ: 1576872

© Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Астанада Қазақстан мен Қытай арасындағы Мәдениет жылының қорытындысына арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында екі ел өнер шеберлерінің қатысуымен концерт және Қазақстан мен Қытайдың мәдени дәстүрлерін таныстырған тақырыптық көрме ұйымдастырылды.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, Қытайдың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Чэн Кэфань, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исахалиев, дипломатиялық корпус өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Қонақтар алдында сөз сөйлеген Арман Қырықбаев екі ел арасындағы қарым-қатынастың тарихи тереңдігіне және халықтар достығын нығайтудағы мәдениеттің ерекше рөліне тоқталды.

"Қазақстан мен Қытайды мыңжылдық тату көршілік тарихы мен ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени байланыстар біріктіреді. Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы халықтарымызды жақындастырып, сауданың дамуына, білім алмасуға және мәдениеттердің өзара байи түсуіне ықпал етті. Бұл ортақ тарихи мұра бүгін де достығымыздың берік негізі болып отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы достық қарым-қатынастың арқасында екі елдің ынтымақтастығы сапалық тұрғыдан жаңа, бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Мәдениет жылы гуманитарлық байланыстарымызға қосымша серпін берді. Ол бір-біріміздің тарихымызбен, дәстүрлерімізбен және өнерімізбен жақынырақ танысуға мүмкіндік беріп, бірлескен шығармашылық жобаларға жол ашты. Өнер мен мәдениет алдағы уақытта да халықтарымызды жақындастыратын достық пен өзара түсіністіктің көпірі болатынына сенімдімін. Сондықтан Мәдениет жылының аяқталуын белгілі бір кезеңнің соңы емес, жаңа бастамалар мен бірлескен жобалардың бастауы ретінде қарастырамыз", – деді министр.
Астанада Қазақстан мен Қытайдың мәдениет жылы қорытындыланды, сурет - Zakon.kz жаңалық 10.11.2026 10:28

Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Өз кезегінде Чэн Кэфань мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатынын айтып, Қытай тарапы мәдениет, туризм, жастар саясаты, ғылым және білім салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін жеткізді.

Жыл бойы Қазақстан мен Қытайда 40-қа жуық мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Олардың қатарында Чжэцзян провинциясының музейіндегі "Ұлы даланың көшпенділер мәдениеті" көрмесі, Алматыда Шанхай көркем коллекциялар музейімен бірлесіп өткізілген көрме, сондай-ақ Бейжіңде Ұлттық домбыра күніне, Абай күніне және Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған іс-шаралар бар.

Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – мәдени орталықтарды дамыту. Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығы Қытай жұртшылығын еліміздің мәдениетімен таныстыратын алаңға айналды. Ал жыл соңына дейін Астанада Қытай мәдени орталығын ашу жоспарланып отыр.

Концерттік бағдарламаға Қазақстан мен Қытайдың өнер шеберлері қатысты. Көрермендер алдында Медет Шотабаев, Рухия Байдүкенова, "Бірлік" би ансамблі, Құлыәш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің домбырашылар ансамблі, сондай-ақ Нинбо қаласының Ән және би театрының солистері Чжао Лу мен Сюй Юнцзя өнер көрсетті.

Астанада Қазақстан мен Қытайдың мәдениет жылы қорытындыланды, сурет - Zakon.kz жаңалық 10.11.2026 10:28

Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Бағдарламаның ерекше бөлігі қазақ композиторы Бақытжан Байқадамов пен Қытайдың көрнекті композиторы Сянь Синхайдың достығына арналды. Олардың шығармашылық байланысы екі халық өкілдері арасындағы шынайы қолдау мен рухани жақындықтың үлгісі болды. Осы оқиғаға арналған хореографиялық қойылым мен фотокөрме өнердің адамдар мен мәдениеттерді біріктіретін ортақ тіл екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Қонақтар Қытайдың дәстүрлі өнері мен қолөнер бұйымдарын, соның ішінде Нинбо фарфорын, сәндік шамдар мен өрме қоңырауларды тамашалады.

Айта кетейік, Қазақстан мен Қытайдың Мәдениет жылы 2026 жылғы 31 наурызда Бейжіңде өткен салтанатты гала-концертпен ашылған болатын.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!