Су ресурстары және ирригация министрлігі журналистерді аккредиттеу қағидаларын бекітті

15:00, 21 қыркүйек 2026
MKZ: 1568013

© Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева

Су ресурстары және ирригация министрі 2026 жылғы 11 қыркүйектегі бұйрығымен министрлік жанындағы журналистерді (бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін) аккредиттеу қағидаларын бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тұрақты аккредиттеу журналистің орналасқан жері мен оның тұрақты тұрғылықты жеріне қарамастан, бір жыл мерзімге жүргізіледі.

Министрлік өзінің интернет-ресурсында журналистерді тұрақты аккредиттеуге өтініштер қабылдаудың басталғаны туралы хабарландыруды қазақ және орыс тілдерінде жариялайды.

Өз журналистерін министрлік жанында аккредиттегісі келетін БАҚ 10 жұмыс күні ішінде бас редактордың немесе БАҚ иесінің қолы қойылған тұрақты аккредиттеуге өтініш береді. Оған аккредиттелетін журналистердің жеке басын куәландыратын құжаттарының көшірмесі және журналистің дербес деректерін пайдалануға берген келісімі қоса тіркеледі.

Тұрақты аккредиттеуге қатысты өтініш құжаттарды қабылдау аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қаралады.

Ал ерекше маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандардағы тұрақты аккредиттеуге қатысты өтініш 10 жұмыс күні ішінде қаралады.

Министрлік өтінішті қарау қорытындысы бойынша өтініш берушілерге жазбаша немесе электронды түрде мына шешімдердің бірі туралы хабарлайды:

  • аккредиттеу туралы;
  • аккредиттеуден бас тарту туралы.

Аккредиттелген журналист мына талаптарды сақтауы керек:

  • министрліктен алынған ақпаратты тек аккредиттеуге тиісті өтініш берген бұқаралық ақпарат құралында жинау және тарату;
  • министрлік өткізетін іс-шараның регламентін сақтау;
  • ерекше маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандардағы өткізу және ішкі нысан режимін сақтау.

Тұрақты аккредиттеуден бас тартуға мына жағдайлар негіз болады:

  • БАҚ өнімдерін таратуға немесе БАҚ шығарылымына қатысты тоқтата тұру не тоқтату туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің болуы;
  • осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген құжаттардың ұсынылмауы;
  • есепке қойылған бұқаралық ақпарат құралдары тізілімінде болмауы.

Тұрақты аккредиттеуден заңсыз бас тартуға журналист Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдана алады.

Журналисті тұрақты аккредиттеуден айыруға мына жағдайлар негіз болады:

  • БАҚ бас редакторының немесе оның иесінің журналисті тұрақты аккредиттеуден айыру туралы себептері көрсетілген өтініші;
  • журналист таратқан және министрліктің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін мойындаған сот шешімінің заңды күшіне енуі;
  • БАҚ өнімдерін таратуға немесе БАҚ шығарылымына қатысты тоқтата тұру не тоқтату туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің болуы;
  • осы Қағидалардың 10-тармағында белгіленген талаптарды екі немесе одан да көп рет бұзу.

Министрлік негіз анықталған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде бұқаралық ақпарат құралын журналистің аккредиттеуден айырылғаны туралы хабардар етеді. Хабарламада Қағидалардың 13-тармағында көзделген себептер көрсетіледі.

Журналисті тұрақты аккредиттеуден айыру мерзімі алты айды құрайды.

Журналистерді бірыңғай медиа-платформа арқылы аккредиттеудің жеңілдетілген тәртібі қолданылған жағдайда аккредиттеу карталары беріледі.

Қағидаларда журналистерді уақытша аккредиттеу тәртібі де белгіленген.

Бұйрық 2026 жылғы 29 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!