Гайдар Қасенов пен Достанбек Есжанов қызметтерінен босатылды

16:19, 21 қыркүйек 2026
MKZ: 1568025

© Сурет: gov.kz

Ақмола облысында екі әкім бір мезетте қызметінен босатылды. Тиісті өкімге облыс әкімі Марат Ахметжанов қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.
"Ақмола облысының әкімі М.М. Ахметжановтың 2026 жылғы 21 қыркүйектегі өкімімен Степногорск қаласының әкімі Гайдар Қабдоллаұлы Қасенов пен Аршалы ауданының әкімі Достанбек Берікұлы Есжанов атқарып отырған қызметтерінен босатылды", – делінген хабарламада.
Екі әкімнің қызметінен не себепті босатылғаны нақтыланбады.

Гайдар Қасенов 1976 жылғы 20 маусымда Ақмола облысында дүниеге келген. 1998 жылы С.Сейфуллин атындағы Аграрлық университетті инженер-механик, 2002 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша тәмамдаған. 2012 жылы Алматыдағы Халықаралық бизнес академиясында іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесін алған. Сондай-ақ 2004 жылы Челябі мемлекеттік агроинженерлік университетінің аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолын 1998 жылы Астана қаласы Алматы ауданы әкімі аппаратының экономика және нарықтық қатынастар бөлімінің бас маманы болып бастаған.

1999-2001 жылдары "Астана-финанс" ААҚ маманы және Астана қаласындағы "Астана-Сити" жобасының менеджері, 2001-2002 жылдары "АстанаГазСервис" ААҚ өткізу бөлімінің бастығы, 2002-2004 жылдары "Орталық газбен жабдықтау" ЖШС директоры болды.

Әр жылдары Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары, аталған ауданның әкімі, "Қазтеміртранс" АҚ корпоративтік даму жөніндегі вице-президенті және "ҚТЖ" ҰК" АҚ басқарма мүшесі қызметтерін атқарды.
Сондай-ақ "Нұр Отан" партиясы Астана қаласы Алматы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Астана қаласы мәслихатындағы партияның депутаттық фракциясының жетекшісі болды.

2019 жылғы қазаннан 2021 жылғы тамызға дейін Ақмола облысы Шортанды ауданының, 2021 жылғы 23 тамыздан 2024 жылғы қарашаға дейін Қосшы қаласының әкімі қызметін атқарды.

Гайдар Қасенов Степногорск қаласының әкімі болып 2024 жылғы қарашада тағайындалған.

Достанбек Есжанов 1982 жылғы 17 наурызда Ақмола облысы Есіл ауданының Есіл қаласында дүниеге келген. 2005 жылы "Тұран" университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2006 жылы Ақмола облысы Есіл ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-кадр жұмысы бөлімінің бас маманы болып бастаған.

2009-2012 жылдары Есіл ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-кадр жұмысы бөлімінің басшысы, 2012-2016 жылдары аудан әкімі аппаратының басшысы болды.

Кейін Есіл ауданы әкімінің орынбасары, Ақмола облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы, Бурабай ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

2020 жылғы 12 қазаннан 2024 жылғы желтоқсанға дейін Біржан сал ауданының әкімі болды.

Достанбек Есжанов Ақмола облысы Аршалы ауданының әкімі қызметін 2024 жылғы желтоқсаннан бері атқарып келген.

Бұған дейін, 2026 жылғы 9 қыркүйекте, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалғаны хабарланған еді. Бұл қызметке Айдар Садырбаев келді. Оны облыс активіне өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов таныстырды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!