Стратегиялық әріптестер форумы аясында БҰҰ университетінің өңірлік филиалын ашу туралы келісімге қол қойылады

13:58, 19 қараша 2026
MKZ: 1578612

© Фото: akorda.kz

Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы университеті Алматыда өңірлік зерттеу хабын ашу туралы келісімге қол қояды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, тараптар келісімге форум аясында қол қояды.

"БҰҰ университетінің өкілдігін Алматыда орналастыру Қазақстанның ғылыми мүмкіндігі әлемдік дәрежеде мойындалғанына дәлел болады, сондай-ақ басқа да білім беру мекемелерімен және ғылыми ұйымдармен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жол ашады", – деді Президент.

Тоқаев бұл бастама отандық университеттердің әлеуетін нығайтып, елде қуатты академиялық орта қалыптастыруға серпін беретінін айтты. Ол былтырғы форумда "Мықты университеттер – келешектің кепілі" дегенін еске салып, елдің технологиялық дербестігі білім мен ғылымның дамуына тікелей байланысты екенін атап өтті.

"Сондықтан біз жастарымыздың сапалы білім алып, ғылыми зерттеулермен алаңсыз айналысуына және өз идеяларын жүзеге асыруына барынша жағдай жасауымыз керек. Ұлттың зияткерлік қарымы мен қабілетін ашу тұрғысынан мұның маңызы зор", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан Конституцияда айқындалған қағидаттарды басшылыққа алып, өркендеген мемлекет құру жолындағы жұмысын жалғастыратынын айтты. Ол білім мен ғылым саласындағы халықаралық байланыстың маңызына да тоқталды.

"Ғылым – тұтас адамзаттың игілігіне қызмет ететін теңдессіз құндылық. Сондықтан білімде шекара жоқ, болмауға да тиіс", – деді Президент.

Тоқаев Қазақстанның барлық елмен ғылыми және академиялық байланысты кеңейтуге мән беретінін айтты. Ол еліміздегі білім мен ғылымның дамуына үлес қосып жүрген университет басшыларына, ғалымдарға, оқытушылар мен серіктестерге алғыс білдіріп, алдағы уақытта да бірлескен бастамалар жүзеге асатынына сенім білдірді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!