Шымкентте өткен Қайрат Нұртастың концертінде адамдар зардап шегіп, қылмыстық іс қозғалды

11:22, 11 қазан 2026
MKZ: 1571681

© Фото: zakon.kz

Желіде Шымкентте өткен Қайрат Нұртастың концертінде көп адам зардап шеккені туралы ақпарат тарады. Куәгерлер үш адамның қаза тапқанын, елуінің аяғы сынып, тағы 100 адам жарақаттанғанын айтады. Zakon.kz аталған оқиғаға қатысты түсініктеме алу үшін өңірлік ПД баспасөз қызметіне жүгінді.

Полиция концерт кезінде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеді.

"Адамдардың көп жиналуына байланысты концертті тамашалауға келгендердің бірі зардап шекті. Қазір бойжеткен медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында. Іс-шараны ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді. Сотқа дейінгі тергеу шеңберінде болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Ұйымдастырушылардың әрекетіне қатысты алда құқықтық баға беріледі", деп жауап берді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданатыны да нақтыланады.

Ал әншінің желідегі соңғы жазбасының астындағы пікірлерде жұрт түсінік беруді талап етуде:

  • концерт емес, мынау тозақ қой. Ұйымдастыру жағы нөл. Рақмет.
  • концертте адамдарды соққыға жығып, өлтіре жаздағандарын өзі білесіздер ме? Бұл туралы да айтыңыздар, біз күтеміз.

Әзірге тек Freedom Афиша өкілдері ғана ресми мәлімдеме жасады.


"Шымкентте 10 қазанда Қайрат Нұртастың концерті басталар алдында есікке адамдар лап беріп, қысылу, кептелу, құлау жағдайлары орын алды. Зардап шеккендер туралы естіп, қатты алаңдап отырмыз. Біз болған оқиғаның мән-жайын анықтап жатырмыз және бұл жағдайға қатысты барлық адам үшін алаңдаулымыз. Қазір ең маңыздысы – адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі", деп мәлімдеді ұйымдастырушылар.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!