Шығыстағы ел-жұрт үшін биылғы Наурыздың мән-маңызы ерекше

20:44, 22 наурыз 2017

Еліміздің шығысында наурыз айы туса да, қардың көбесі сөгіле қойған жоқ. Бірақ бұл жергілікті жұрттың жаңарудың басы саналатын ұлық мерекені ұлықтауына кедергі бола алған жоқ.

Қала мен аудандарды айтпағанда, әр ауыл әз-Наурызды қал-қадірінше әспеттеп жатыр. 

Олжас Керейхан, тілші:

-Қыстан біраз қымтырылып шыққан шығыстағы ел-жұрт үшін биылғы наурыздың мән-маңызы ерекше. Сондықтан да меркені ұйымдастырушылар тек концерттік бағдарлама емес, жан-жақты қамтуға тырысқаны көрініп тұр.

Орталық алаңдағы той шығыстан шыққан күн тәріздес барлық игі істің бастауын әспеттейтін театрландырылған көрініспен басталды. 

Жиналған жұрт Наурызда жасалатын жөн-жоралғыны тамашалады.  

Ал Алматыдан Мұрат Мұтырғанов бастап келген цирк өнерінің жұлдыздары ұлттық спорт ойындарының түр-түрін көрсетті.

Олжас Керейхан, тілші:

-Орталық алаңда тігілген 30-дан астам ақбоз үйдің жанында да түрлі сайыстар өтті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Кейбір қоғамдық ұйымдар қайырымдылық шараларын өткізді. Әлеуеті әлжуаз отбасыларға метериалдық көмек көрсетті.

Сайлаубек Аухадиев, қала тұрғыны: 

-Наурыз – жаңару мерекесі. Халқымыз бір жылды өткізіп, күтетін мейрам. Ұлы мейрам. Мына жерде неше түрлі сауда-саттық бар. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатының жаңарғанын көрсетеді. Үлкен тойдың тойы болып, өтіп жатыр, Өскеменде.

Жылдан аман шыққан халық бір-жасарып қалады. Биыл бізде қыс қатты болды. Әлі де қыстың ызғары бар. Бірақ оны ел елеп жатқан жоқ. 

Көңіл-күйі өте көтеріңкі. Бұл деген халықтың әл-ауқатының жақсы екенін білдірсе керек. 

Олжас Керейхан, тілші:

-Ұлыстың ұлы күнін халық әлі де тойлай бермек. Алыс-жақын ағайын-туыс бір-бірін аралап, көжеден дәм-татып, көпшілік ұлыстың оң, ақтың мол болуын тілейді. Ұлыс оң болып, еліміз ұлы істердің ұйтқысы бола бергей.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!