Рубль қайта «ойынға кірді»: Қазақстанда валютаға сұраныс қалай өзгеріп жатыр

14:38, 21 мамыр 2026

© Фото: freepik

Қазақстандықтар ресей рублін қайта белсенді сатып алуда. Ал Қытай юаніне деген сұраныс, керісінше, соңғы жылдардағы ең төмен деңгейлердің біріне түскен, деп хабарлайды Zakon.kz.

Рубль соңғы жылдары қалай құбылды

2022 жылға дейін рубль Қазақстанда ең жиі сатып алынатын шетел валюталарының бірі болды. 2022 жылдың бірінші тоқсанында (Украинадағы соғыс басталғаннан кейін) айырбастау пункттері арқылы рубльдің таза сатылымы 215,2 млрд теңгеге жетіп, халық оны белсенді түрде сатып алды.

Алайда бір жылдан кейін жағдай күрт өзгерді. 2023 жылдың қаңтар–наурызында алғаш рет көрсеткіш теріс аймаққа түсіп, –8,4 млрд теңгені құрады. Яғни, бұл кезде халық рубль сатып алудан гөрі оны көбірек сата бастады.

2024 жылы жағдай аздап тұрақтанды: таза сатып алу қайтадан оң мәнге өтіп, 6,5 млрд теңгені құрады. Бірақ кейін қайтадан кері өзгеріс болды. 2025 жылдың бірінші тоқсанында көрсеткіш –40,9 млрд теңгеге дейін төмендеді. Кей айларда тіпті –50 млрд теңгеден де төмен болған кездер тіркелді.

2026 жылдың басы салыстырмалы түрде тыныш өтті. Қаңтар–наурызда рубльдің таза сатылымы қайтадан оң болып, 3,2 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылғы үлкен сұраныспен салыстырғанда әлдеқайда аз, бірақ нарықтағы көңіл күйдің өзгергенін көрсетеді.

Рубльді қай өңірлер көбірек сатып алады

Қазір рубльге сұраныс көбіне шекараға жақын және өндірістік аймақтарда байқалады.

Ең көп таза сатып алу Қарағанды облысында тіркелген – 3,1 млрд теңге. Одан кейін Шығыс Қазақстан облысы – 1,6 млрд теңге және Қостанай облысы – 1,2 млрд теңге.

Ал Алматы мен Астанада керісінше жағдай: тұрғындар рубльді көбірек сатып алмайды, керісінше сатады. Таза сатылым Алматыда –1,2 млрд теңге, Астанада –2 млрд теңге болды.

Бұл ретте, юаньға сұраныс төмендеп кетті

Қытай юаніне қатысты жағдай керсінше өрбуде. Қытаймен сауда қарқынды дамып жатқанына қарамастан, халықтың бұл валютаға қызығушылығы төмен.

Юаньға сұраныстың ең жоғары деңгейі 2022 жылы болған – 553,4 млн теңге. Одан кейін біртіндеп төмендей бастады:

  • 2024 жыл: 393,5 млн теңге
  • 2025 жыл: 161 млн теңге
  • 2026 жылдың I тоқсаны: 28,6 млн теңге

Сұраныс көбіне Қытай Жаңа жылынан кейін төмендейді, себебі сол кезде сауда белсенділігі азаяды. Бұл юань Қазақстанда көбіне алыпсатарлық немесе жинақ үшін емес, нақты сауда мен бизнес есеп айырысуы үшін қолданылатынын көрсетуі мүмкін.

Рубль мен юань бағамы қалай өзгерді

Соңғы екі жылда екі валюта да теңгеге шаққанда қымбаттаған.

Рубль:

  • 2024 жылдың басы: шамамен 1 рубль = 5 теңге
  • 2025 жылдың соңы: 6,5–6,7 теңге
  • 2026 көктемі: 6,1–6,5 теңге аралығы

Юань:

  • 2024 жыл басы: 61–63 теңге
  • 2025 жыл соңы: шамамен 76 теңге
  • 2026 мамыры: 68–69 теңге

Рубль мен юаньға қызығушылықтың қайта өсуі Ресей мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстардың күшеюімен байланысты. Екі ел де ұлттық валюталармен есеп айырысуды кеңейтуге ұмтылып отыр, ал Қазақстан үшін бұл маңызды, себебі ол екі елмен де тығыз сауда жасайды.

Дегенмен, статистика бір нәрсені көрсетеді: юань халықаралық саудада күшейіп келе жатса да, Қазақстан тұрғындары үшін рубль әлі де эмоционалды және тез әсер ететін валюта болып қалып отыр.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!