Тоқаев Қазақстанның Кенияға бидай экспорттауға ниетті екенін мәлімдеді

18:56, 20 мамыр 2026

© Сурет: Zakon.kz/Павел Михеев

"Қазақстан-Кения" бизнес форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты тағы бір басым бағыт ретінде атады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президент Қазақстан негізгі азық-түлік дақылдарын өндіретін әлемдегі көшбасшы елдердің бірі болып саналатынын баса атап өтті.

"Африкадағы жоғары сұранысты ескере отырып, Сіздің еліңізге бидай экспорттауға мүдделіміз. Ал Кенияның шәйі, кофесі мен гүлі әлемге әйгілі. Сондықтан біз Қазақстанда Кения сауда хабын ашуға ниеттіміз. Сол арқылы Сіздің елдің бизнесі Еуразия нарығына дендеп ене алады. Сонымен қатар аграрлық саладағы бірлескен білім беру бастамасын құптаймыз. Кениялық студенттер мен мамандарды оқу орындарымызда қуана қарсы аламыз", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, тау-кен өнеркәсібі және геологиялық барлау екіжақты ықпалдастықтың маңызды бағыты саналады.


"Қазақстан мен Кенияда сирек кездесетін элементтердің және аса маңызды минералдардың мол қоры бар. Таза энергияға көшу, цифрлық технология және озық өндіріс салаларында жаһандық сұраныстың ұлғаюына байланысты аталған қазба байлықтардың маңызы арта түсті. Осы орайда геология, барлау, өндіру және өңдеу бағытында өзара тиімді ынтымақтастық құруға айтарлықтай мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз. Қазақстан осы саладағы білімі мен тәжірибесін бөлісуге дайын. "Самұрық Қазына" мен NAMICO компаниясы арасында жасалған Кениядағы инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы келісімді құптаймыз. Оның аясында тараптар жер қойнауын пайдалану, геологиялық барлау, бағалау және ілгерілету жұмыстарымен айналысады. Бұл құжат тау-кен өндірісі секторындағы бірлескен жобаларды іске қосуға берік негіз қалайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Уильям Руто Кения мен Қазақстан ықпалдаса отырып, Африка және Орталық Азия арасында жаңа экономикалық көпір орната алатынына сенімді екенін айтты.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!