Республикалық референдум: Еліміздегі барлық сайлау учаскелері жұмысын бастады

07:00, 6 қазан 2024

© Сурет: Zakon.kz

Бүгін, яғни 6 қазан күні Қазақстанда атом электр стансасын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өтіп жатыр. Еліміз бойынша барлық сайлау учаскелері өз жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, 6 қазанда Қазақстандағы сайлау учаскелерінің көпшілігі сағат 7:00-де ашылады. Және өз қызметін кешкі сағат 20:00-ге дейін атқарады.

Дегенмен, таңғы сағат алтыдан бастап 84 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды. Бұл негізінен әскери бөлімдер, кейбір вахталық әдіспен жұмыс істейтін мекемелердің арнайы жұмыс кестесі мен қызмет көрсетуіне байланысты жасалған қадам.

Республикалық референдумда сайлау учаскелерінің екі түрі қызмет атқарады: азаматтардың тұрғылықты жері бойынша және азаматтардың уақытша болатын жері бойынша құрылған.

Референдум өткізу орындарының жалпы саны 10 327, оның ішінде тұрғылықты жері бойынша 9 709, уақытша болатын жері бойынша 618 учаске.

Оның ішінде Қазақстаннан тыс 63 елдегі 78 сайлау учаскесі жұмысын жүргізеді. Референдумда бақылау жүргізетін комиссия мүшелерінің жалпы саны – 70 049.

Еске сала кетейік, 6 қазанда Астанадағы қалалық және қала маңындағы маршруттарда жол жүру тегін.

Автобустар таңғы сағат 6:00-ден түнгі 23:00-ге дейін жүреді. 7 қазаннан бастап қоғамдық көлік штаттық режимде жұмыс істейтін болады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!