Олжас Бектенов Балқаш қаласындағы жүйе құраушы кәсіпорындардың жұмысымен танысты
© Сурет: primeminister.kz
Премьер-министр Олжас Бектенов Балқаш қаласындағы жүйе құраушы кәсіпорындардың жұмысымен, тау-металлургия және мыс балқыту кешенін жаңғырту барысымен, жаңа өнеркәсіп нысандарын іске асыру жоспарларымен және геологиялық барлау жобаларының нәтижелерімен танысты, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР Үкіметінің мәліметінше, Қарағанды облысында өңдеу секторына басымдық берілуімен өнеркәсіптік даму бойынша оң динамика сақталып отыр. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,7 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі бойынша өңір Қазақстанда екінші орында тұр.
"Қаратас" мыс кен орнының аумағында "Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясы" АҚ Премьер-министрге геологиялық барлау жұмыстарының барысы және жер қойнауын зерттеудің заманауи технологиялары таныстырылды", – делінген Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарламасында.
"Қазгеология" АҚ еліміздің жеті облысында 55 мың шаршы шақырым аумақта жұмыстар жүргізіп жатыр. Оның ішінде бұрғылау, жерүсті және аэрогеофизикалық зерттеулер бар. Аумағы 100 мың шаршы шақырымды құрайтын 20 негізгі учаскеде 1:50 000 масштабында жоғары дәлдіктегі зерттеу жұмыстары басталды.
Үкімет отырысында берілген тапсырмаға сәйкес, геологиялық барлау жобаларын іске асырудың жаңа тәсілі айқындалды. Енді "Тау-Кен Самұрық" лицензия алып, геологиялық барлау жүргізеді, расталған қорларды мемлекеттік балансқа қояды және жоба дайындықтың жоғары сатысына жеткенде шетелдік серіктестерді тартады. Бұл тетік жобалардың құнын арттырып, мемлекет үшін тиімді шарттарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
"Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясы" АҚ басқарма төрағасы Нариман Абсаметовтің айтуынша, өткен жылы компания үш лицензия алып, алтын, мыс және сирек жер металдарының кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарын бастады. Қазірдің өзінде 8 тоннадан астам алтын және 150 мың тонна мыс қоры расталды.
Атап айтқанда, "Қаратас" жобасы бойынша мыстың орташа мөлшері 0,35%-дан 0,46%-ға дейін артқан. Қазір технологиялық сынама алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан кейін гидрогеологиялық және геотехникалық зерттеулер жүргізіледі.
Сондай-ақ геологиялық керндерді жасанды интеллект арқылы талдаудың алғашқы нәтижелері таныстырылды. Бұл технология жұмыс өнімділігін арттырып, құжаттандыру мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Қазір жүйе Жосабай кен орнында оқытылған. Оның дәлдігі 80%-ды құрайды, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
"Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-министр геология саласын қолдау шаралары айтарлықтай күшейгенін атап өтті. Тек мемлекеттік қаржыландыру көлемі 10 есеге ұлғайып, алдағы үш жылда шамамен 500 млн долларды құрайды", – деп хабарлады Үкімет.
Мемлекеттік органдар мен ұйымдарға қорларының өсім әлеуеті жоғары және стратегиялық маңызды минералдарға бай перспективалы учаскелерге басымдық беру, геологиялық деректерді цифрландыру, инвесторлар тарту жұмыстарын жандандыру, сондай-ақ жер, инфрақұрылым және басқа да ұйымдастырушылық мәселелерді жедел шешу тапсырылды.
Премьер-министр "Тау-Кен Самұрық" АҚ-ға "Қаратас" жобасындағы тәжірибені "Жосабай" және басқа да перспективалы учаскелерге енгізуді тапсырды. Бұл геологиялық барлаудан қорларды мемлекеттік балансқа қоюға және кейін өнеркәсіптік игеруге уақтылы көшуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Олжас Бектенов Балқаш мыс балқыту зауытының жұмысымен және Балқашта жаңа мыс балқыту кәсіпорнын салу жөніндегі инвестициялық жобамен де танысты.
"Қазмыс" ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлінің айтуынша, кәсіпорынның өндірістік қызметі, жаңғырту бағдарламасы және даму жоспарлары таныстырылды. 1938 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан металлургиялық кешен Қазақстандағы катодты мыстың жалпы өндірісінің шамамен 51%-ын қамтамасыз етеді.
Балқаш мыс балқыту зауытының жобалық қуаты жылына 220 мың тонна катодты мыс, 1,1 млн тонна күкірт қышқылы, 10 тонна алтын және 400 тонна күміс өндіруге мүмкіндік береді.
Биыл "Қазмыс" зауытты жаңғыртуға арналған құны 21,8 млрд теңге болатын ауқымды бағдарламаны іске асырып жатыр. Оның аясында металлургиялық жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізіліп, өндірістік инфрақұрылым жаңартылып, технологиялық процестердің сенімділігі арттырылады.
"Kazakhmys Smelting" ЖШС бас директоры Жәнібек Байғабеловтің айтуынша, қазіргі уақытта құны 5 млрд теңгеден асатын №1 Ванюков пешін күрделі жөндеу аяқталған. 2027 жылға №2 Ванюков пешін 5,4 млрд теңгеден астам қаржыға жөндеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар анод пештері, конвертерлер, күкірт қышқылы цехының жабдықтары және өндірістік инфрақұрылым жаңартылуда.
Кездесу барысында Премьер-министрге Балқашта жаңа мыс балқыту зауытын салу жобасы таныстырылды. Жоба Қазақстандағы мыс өндірісін жылына 800 мың тоннадан астамға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл Президенттің терең өңдеуді дамыту және қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес келеді.
Жоба Үкімет мақұлдаған Инвестициялық келісім аясында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен "Qazaq Smelter" ЖШС арасында жүзеге асырылады. Жеке инвестиция көлемі 750 млрд теңгені құрайды.
Жаңа кәсіпорын жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын және 1,5 млн тонна күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы болады. Құрылысты 2027 жылы бастау, ал зауытты 2030 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Жоба аясында 1,2 мың тұрақты жұмыс орны құрылады. Зауыт іске қосылған кезде қазақстандық мамандардың үлесі 90%-ды құрап, кейін бұл көрсеткішті одан әрі арттыру көзделген.
Жоба заманауи балқыту агрегаттары, электролиз және бағалы металдар өндірісінің жаңа цехтарын, сондай-ақ шлактарды қайта өңдейтін жеке учаскені қамтиды. Технология мыс өндіру деңгейін 98%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңа зауыттағы шығарындылар Балқаш мыс балқыту зауытымен салыстырғанда айтарлықтай төмендейді. Атап айтқанда, шығарындылар көлемін жылына 60 мың тоннадан 5 мың тоннаға дейін қысқарту жоспарланып отыр.
"Премьер-министр мемлекеттік органдарға жаңа мыс балқыту зауытын уақытылы пайдалануға беруге қажетті қолдау көрсетуді тапсырды", – деп хабарлады Үкімет.
Бұдан бөлек, геологиялық және технологиялық сынамаларды толық цикл бойынша зерттейтін "SGS Kazakhstan Ltd" ЖШС халықаралық талдау зертханасының мүмкіндіктері көрсетілді.
Зертхананың қуатын жылына 350 мың сынамаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл өңірдің жоғары дәлдіктегі химиялық талдауға деген қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді.
Балқаштағы SGS зертханасының жұмысы минералдық шикізат пен дайын өнім сапасын бақылау дәлдігін арттыруға және халықаралық талдау стандарттарын енгізуге ықпал етеді.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
15:52, 8 қазан 2026
«Стоп-кредит» қосылған болса да, несие берілуі мүмкін: қазақстандықтарға ерекше жағдайлар түсіндірілді
-
15:47, 8 қазан 2026
Қайталама нарықтан баспана сатып алмас бұрын нені тексеру керек
-
15:40, 8 қазан 2026
Қазақстанға ұшып келіп, елге тіл тигізген шетелдікке айыппұл салынды
-
15:33, 8 қазан 2026
Астанада көшеден әйелдің мәйіті табылды: полиция не болғанын түсіндірді
-
15:29, 8 қазан 2026
Ақтаудағы 9 жасар баланың өлімі: Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді





