«Өлі адамнан ақша жасау». Экономист медицина саласындағы кезекті былықтың бетін ашты

11:25, 18 қазан 2026
MKZ: 1572985

© Фото: zakon.kz

Экономист Руслан Сұлтанов "Коррупция анатомиясы" атты зерттеу жасап, оны шетінен өзінің желідегі парақшасында жариялап жатыр. Зерттеудің 7-бөлімінде маман өлі пациенттерден қалай ақша жасалатынын егжей-тегжей баяндайды, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Адам 2023 жылы қайтыс болған. Ал 2025 жылы ол дәрігердің қабылдауына жазылады. Фантастика ма? Жоқ. Қаржы министрлігі медициналық сақтандыру жүйесін тексеру кезінде дәл осындай жағдайды анықтады", делінген автордың Tengenomika Telegram арнасында.

Экономисттің айтуынша, барлығы 996 қайтыс болған пациентке көрсетілген медициналық қызметтер туралы 3 640 жазба анықталды.

Мұндай масқара жолмен кім ақша тауып отыр, ал бұл қылмысты кім ауыздықтауы тиіс еді? Оған Руслан Сұлтанов былай жауап қатады:

"Халықаралық тәжірибеде мұны phantom billing деп атайды, яғни көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін шоттар ұсыну. Медициналық сақтандыру алаяқтығы туралы 67 зерттеуді қамтитын ғылыми шолу фиктивті қызметтерді, құжаттарды қолдан жасауды және қажетсіз ем-домды сипаттайды. ДДСҰ да денсаулық сақтауды қаржыландыру тәуекелдерінің арасында осындай схемаларды атап көрсетеді: пациент жоқ, қызмет бар, ақша аударылуы мүмкін".

Енді Қазақстан жағдайына оралсақ, Үкіметтік IT-аудит мынаны анықтады:

  • бір маманда бір айда 1 713 емделу жағдайы;
  • жекелеген дәрігерлерде тәулігіне 300-400-ге дейін қарап-тексерудің болуы;
  • пациенттердің жынысына сәйкес келмейтін скринингтер туралы 1,8 млрд теңгенің 769,5 мың жазбасы.

Қарағанды облысындағы МӘСҚ-ның жеке тексеруі қосымша жазбалар мен процедураларға екі рет төлем жасауды қоса есептегенде 536,7 млн теңгенің қаржылық бұзушылықтарды анықтады.

Бұл тек медициналық ұйымдарға ғана емес, сонымен қатар олардың жұмысын тексетіндерге де қатысты мәселе.

"Дәрігер немесе қызметкер жазба енгізеді. Бөлім басшысы көлемдерді растайды. Қаржы қызметі шоттар ұсынады. Медициналық ұйым төлем алады. Ал егер схема ұзақ уақыт бойы жұмыс істесе, мынадай сұрақ туындайды: мұны тиісті орган қалай байқамайды, бұл арада мүдделілер бар емес пе? Демек, схемаға қатысушылардың барлығы кінәлі болуы міндетті емес, бірақ тек жазба енгізген адамды ғана тексеру жеткіліксіз екені анық. Бақылау қайдан болады? Аурухананың басшылығы мен ішкі аудит деген бар. МӘСҚ-да шоттарды тексеру тетіктері бар. Бақылау өкілеттіктеріне ие мемлекеттік органдар да қатысты. Расында, егер бұзушылықтар мыңдап анықталып жатса, бұлар қайда қарап отыр дейсіз ғой. Шынымен де байқамайды ма? Шамасы жетпейді ме? Әлде қаламайды ма? Бұған жауапты аудит беруі тиіс, негізді жағдайларға сүйене отырып, жүргізілген тергеу нәтижесін алға тарта отырып", - дейді экономист.

Ол бұл арада тек орындаушылар ғана жауап бермеуі тиіс екенін, өйткені WHO және U4 халықаралық зерттеулері денсаулық сақтау саласындағы коррупцияны жекелеген қызметкерлердің ғана емес, бүкіл басқару жүйесінің проблемасы ретінде қарастыратынын да баса атап көрсетеді.

"Сондықтан бұзушылықтар анықталған кезде мыналарды анықтау маңызды: фиктивті жазбаны кім енгізді, оны кім растады, шотты кім ұсынды, ақшаны кім алды, оны кім тексеруі керек eдi, кім бұған саналы түрде көз жұма қарауы мүмкін еді? Міне, сонда бүкіл тізбек бойынша: орындаушыдан бастап басшы мен бақылаушыға дейін жауапкершілікке тартылады. Әрине, жіберілген қателіктің бәрін сыбайлас жемқорлық бола бермейді, сол секілді жіберілген бұзушылықтың өзі қылмысты көрсетпейді. Бірақ бұл жауаптыларды тексеруден босатуға ілік бола алмайтыны анық. Ең бастысы, цифрландыру адалдыққа кепілдік бермейді. Кейде ол тек фиктивті емді ресімдеуді жылдамдата түседі. Бұл арадағы ең қауіпті жазбалар, жүйе оны еш ың-шыңсыз қабылдап, ол бойынша төлем жасай береді. Сондықтан тетікті басқан адамды тауып, жазалау аздық етеді. Бұл арада пайда кімге тигенін, төлемге кім рұқсат бергенін және механизмнің жұмыс істеуіне кім жол бергенін анықтау қажет. Әйтпесе, жоқ пациенттер үшін тірілер төлем жасауды жалғастыра береді", деп сөзін түйіндейді Руслан Сұлтанов.

Бұған дейін зейнетақы жинағын жеке басқарушы компанияға сеніп тапсыру туралы, бұл ретте ел азаматтары не білуі керектігін жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!