Оқушылар жаппай уланған: Алматыдағы республикалық физика-математика мектебіне жаңа директор тағайындалды

12:19, 9 қараша 2026
MKZ: 1576683

© Фото: pixabay

Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) Алматы филиалына Алмаз Қоңғожин директор болып тағайындалды. Жаңа басшының тағайындалғаны 2026 жылғы 9 қарашада белгілі болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Республикалық физика-математика мектебінің Алматы филиалының директоры болып математика мамандығы бойынша философия докторы (PhD) Алмаз Мұхамбетұлы Қоңғожин тағайындалды. Ол кезінде осы мектепте оқыған", – делінген хабарламада.

Алмаз Қоңғожин 2018–2023 жылдары осы мектепті басқарған. Әр жылдары РФММ-де мұғалім, оқушыларды математика олимпиадаларына дайындайтын жаттықтырушы және директордың бейіндік-эксперименттік жұмыс жөніндегі орынбасары болып еңбек еткен. 2023 жылғы қыркүйектен бері "РФММ" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Мектептің бұрынғы директоры Мейірлан Едігерұлы Мейірбек бұл қызметтегі жұмысын аяқтады.

Мектеп басшысы оқушылар жаппай уланғаннан кейін ауысты. 2026 жылғы 12 қазанда РФММ оқушылары жедел ішек инфекциясының белгілерімен Алматыдағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Кейін ауруханаға түскен балалар саны артқаны белгілі болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мектептің ас блогын тексеру кезінде санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталған. Инфекция көзін анықтау үшін мамандар су мен азық-түліктен сынама алып, ас блогындағы беттерден шайынды үлгілерін жинаған. Ас блогының қызметкерлері де тексеруден өткен. Мектеп пен асхананың жұмысы уақытша тоқтатылды. Зертханалық зерттеулер жалғасып жатыр.

Алматы полициясы оқушылардың жаппай улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

22 қазанда ауруханада жатқан оқушылардың барлығы емделіп шықты.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!