Нанның шығу тарихын білесіз бе?

16:11, 9 маусым 2023

© Сурет: pixabay

Нан адамзат үшін тамақтану мәдениетінің негізгі біріктіруші құралы ғана емес, сонымен бірге, барлық халықтарды байланыстыратын символ болып табылады.

Ол әлемнің барлық елдерінде бар. Нан күнделікті үстелімізде тұрғанымен, оның тарихы туралы барлығы біле бермейді.

Археологиялық мәліметтерге сәйкес, нан Жер бетінде кем дегенде 30 мың жыл бұрын пайда болған. Пішіні шелпек тәрізді болды және оны дәннен емес, қоға мен қырыққұлақтың тамырынан пісірді. 2010 жылы зерттеушілер ежелгі диірмен мен келсап тәрізді тастың бөлігінде ұнның іздерін тапқан. Ол алдын ала тазартылған, кептіріліп, ұнтақталған өсімдіктердің тамырынан жасалды. Алынған ұнтақ сумен араластырылды, сөйтіп қамырды тастың үстінде пісірді.

Бұл тәсіл біздің дәуірімізге дейінгі тоғызыншы мыңжылдыққа дейін жалғасты. Кейін жеуге жарамды өсімдіктерді жинаған адамдар тұқымдарды жерге көміп, суарса, олар өніп шығатынын байқады. Алғаш отырғызылған астық дақылы бидай болды, оның дәндері ұнтақталып, содан таба нан пісірілді. Дегенмен, ұзақ уақыт бойы адамдар үшін азық-түліктің негізгі көзі аң аулау және терімшілік болады. Үш мыңжылдықтан кейін ғана азықты қолдан жасау идеясы кең тарала бастады.

Нанның отаны қайда?

Ғалымдардың пікірінше, нанның отаны – Таяу Шығыс. Дәл осы аумақтар қазіргі өркениеттің бесігі болып саналады. Егіншілік пен мал шаруашылығы да осында басталып, алғашқы белгілі қалалар да осында пайда болған. Сондай-ақ бұл өңірде бидайдан алғашқы таба нандар пісіріле бастады.

Ашытылған нан таба наннан кейінірек пайда болды деген болжам бар. Сондай-ақ адамдар нан пісіруден бұрын, ботқа, сосын алкогольдік сусындар дайындауды үйренген.

Тарихшылардың теориясына сәйкес, бір күні үй шаруасындағы әйел ботқасын ұмытып кетіп, ол бірнеше күн бойы тұрып қалған. Сөйтіп, ботқаның дәмі мен құрылымы өзгерген. Оны ішкенде адамның масаятынын, ал бұл тәсілді нан пісіруге қолданғанда, нанның үлпілдек болатынын байқаған. Осылайша адамдар ашытқыны, сонымен бірге, сыраны дайындап үйренген.

Ежелгі мысырлықтар алғашқы нан пісірушілер болып саналады. Олар астық өнерінің барлық құпияларын жақсы меңгерген, ал ежелгі өркениетте негізгі тамақтану рацоны сыра мен нан болды. Нанның атын ежелгі грек наубайшылары қойған деседі. Олар оны «клибанос» деп аталатын саз құмыраларда дайындады. Кейінірек готтар (көне дәуірдегі герман тайпасы) оны «хлифске» ауыстырып, одан ескі неміс тілінде «хлайб» сөзі пайда болды, ал кейінірек славяндықтар «хлеб» атауын қолдана бастады.

Айта кетейік, дән егу мен нан пісіруге бірінші болып салт-дәстүрлік мән берген гректер еді. Бастапқыда эллиндерде (ежелгі гректер) егіншілік ерекше құрметке ие болмаған, олар аң аулау мен мал шаруашылығымен айналысуды жөн көрді. Жағдайды өзгерту үшін билік құнарлық құдайы – Диметраға табынушылықты енгізді. Сөйтіп, жер жыртудан нан пісіруге дейінгі барлық ауыл шаруашылығы Жер Ананың қорғанына табынушылар деп есептелді. Яғни, нан пісіруге және өндіруге қандай да бір жолмен қатысқан әрбір грек діни қызмет атқарғандай болып саналды.

Нан – саяси манипуляция құралы

Римдіктердің де егіншілік пен нан өндірісіне деген көзқарасы осындай еді. Тіпті, наубайшы деген кәсіптің өзі алғаш рет Рим империясында пайда болған. Біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырға дейін ондай кәсіп түрі жоқ тұғын, әрбір отбасы дәнді өздері сатып алып, нанды үйде пісіретін. Сөйтіп, Римде аталған наубайшылар ерекше рөл атқарды. Олардың одақтары пайда болып, тіпті, билікке де елеулі ықпал ете алатын еді.

Рим азаматтарының нанға деген құқықтары болды. Бұл жай ғана тамақ емес, қоғамға тиістіліктің белгісі болды. Юлий Цезарь мен император Октавиан Август ай сайын 320 мың адамға тегін нан таратты. Еркін азаматтар 34 келі бидайдан алды. Бұл үлкен отбасын тамақтандыруға жеткілікті еді. «Адамға нан мен ойын-сауық берсең, ол ешқашан көтерілмейді» деген сөз де дәл сол кезде пайда болған.

Римнен кейін варварлық тайпалар да егіншілікке тартыла бастады. Легионерлер жаңа аумақтарды жаулап ала отырып, өздерінің мәдениетін ғана емес, ауыл шаруашылығын да орнатты. Сондықтан да Еуропаның көптеген аймақтарына нан өндірісі күшпен әкелінді деуге әбден болады. Галлияда, тіпті Ұлыбританияда астық егіле бастады. Алайда, Рим империясы құлағаннан кейін егіншілік ұзақ уақытқа ұмытылды. Сөйтіп, ол Грекиядағыдай діннің, бұл жолы христиандықтың арқасында ғана қалпына келді.

Қарабидай мен бидай

Ресейде алғашында тек ақ нан ғана пісірілген. Қарабидай наны кейінірек пайда болды, бірақ, бірден халықтың көңілінен шықты. Оның үстіне, мұндай нан арзанырақ әрі тойымдырақ болды. Мұндай нан пісіру арнайы ашытқыларды қолдануға негізделген өнер болып саналды. Оларды дайындаудың сырын наубайшылар құпияда ұстап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырды.

Байлардың үйлерінде дастарханға жақсы өңделген бидай ұнынан жасалған «ұнтақталған» ақ нан қойылатын еді. Електен өткізіліп, «еленген» нан пісірілді. Одан ірілеуін дайындау үшін ұнды торлы електен өткізді. Ал ең төмен сапалы «үлпілдек» сорттар електен өтпеген ұннан пісірілді.

Бірақ, тіпті бай адамдар да ала бермейтін «бояр» қарабидай наны да болды. Ол тек ерекше жағдайларда арнайы тапсырыс бойынша пісірілетін. Ол үшін арнайы ұнтақталған ұн, жаңа балғын май, орташа ашытылған сүт қолданылып, қамырға дәмдеуіштер қосылды.

Қазақ даласындағы егіншілік пен мал шаруашылығының үйлесімі

Ұлы дала халықтары арасында да нан ерекше құрметке ие болды. Археологтар көшпелі жұрттың мал шаруашылығын егіншілікпен тамаша үйлестіргені туралы көптеген дәлелдер тапқан. Дегенмен, соңғысы қосалқы сипатта қарастырылды. Мамандар мұның бір делелі ретінде Ойыл мен Қараторғай өзендерінен бұрылып, бір кездері егістіктерді суарған арықтардың құрғақ арналарын келтірді.

Ауыл шаруашылығы әсіресе солтүстік өңірлерде дамыған еді. Онда арпа, бидай, тары мен бұршақ егілді. Соңғы тұжырымдарға сәйкес, қазақ даласында жоңғар шапқыншылығы кезінде де егіншілік тоқтамаған, ең көне қоныстар орналасқан жерлерде сақталып немесе қайта жандана бастады.

Адамзат дамуының астық теориясына сәйкес, адамдар дәнді дақылдар өсіріп, нан пісіруді үйренгеннің арқасында қалалар салып, өркениеттер құра алды. Қалай болғанда да, «Ас атасы – нан» әлі күнге дейін жер бетіндегі ең маңызды әрі тұрақты тағам түрлерінің бірі болып табылады, онсыз, тіпті, өмірімізді елестету де қиын.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!