Мемлекет басшысы АӨСШК VII саммитінде сөз сөйледі
© Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК VII саммитінде сөз сөйледі. Қазақстан президенті қонақжайлық көрсеткені және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев диалогтың, сенімді нығайтудың және жан-жақты ынтымақтастықтың бірегей алаңы ретінде АӨСШК әлеуетін кеңейтуге бағытталған Әзербайжан тарапының белсенді төрағалығын оң бағалады.
"Қазақстан үшін аталған кеңестің маңызы ерекше. Еліміз отыз жылдан аса уақыт бұрын кең байтақ өңірде өзара сенімді арттыру және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізу мақсатында осы форумды құру жөнінде бастама көтерген болатын. Содан бері АӨСШК өзара тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін мүше мемлекеттерді ортақ іске жұмылдырып келеді. Бастапқыда Азиядағы қауіпсіздікті сақтап, сенімді нығайтуды көздейтін жалпыға ортақ тікелей диалог форматында құрылған бұл алаң бүгінде бірегей форумға айналды. Ұйымға мүше елдер Азия құрлығының шамамен 90 пайызын қамтиды. Мұнда Жер шары тұрғындарының жартысынан астамы өмір сүреді. Халықаралық институттардың көбінде мұндай әлеует жоқ", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл форматтың ауқымы АӨСШК-нің зор әлеуетін танытатынын, ал ортақ болашақ құруға ұмтылған жалынды жастар оның қозғаушы күші саналатынын айтты.
"Қауіпсіз әрі гүлденген Азия құруға деген шынайы ниетімізді көрсететін АӨСШК рухы шын мәнінде белгілі брендке айналды. Бүгін Лаостың осы Ұйымға мүше болғанына қуаныштымын", – деді ол.
Мемлекет басшысы саммит форумның маңызына елеулі сын-қатер төніп тұрған кезеңде өтіп жатқанын айтты.
Президенттің пікірінше, әлемде тыңғылықты байыптап, мұқият ойластырылған шешімді қажет ететін аса күрделі әрі бұрын-соңды болмаған үдерістер орын алып жатыр.
"Түптеп келгенде, халықаралық қауіпсіздік архитектурасының іргесі шайқала бастады. Бұл жайт құқық үстемдігі көлеңкеде қалып, күш көрсету басымдыққа ие болған қауіпті үрдіспен қатар жүруде. Былтыр әлемде қарулы қақтығыстар саны Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі көрсеткіштен асып түсті. Бұл кикілжіңдердің құны статистикалық деректермен ғана емес, адам ғұмырымен де өлшеніп жатыр. Өткен жылдың өзінде 20 қарулы қақтығыс болып, 37 мыңнан астам бейбіт тұрғын ажал құшты. 117 миллионнан аса адам босқынға айналды, ал 266 миллион жан ішер асқа жарымай отыр. Бұл үрдіс ұзақ жылдар бойы жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізуге бағытталған бірлескен саяси күш-жігердің нәтижесін жоққа шығарды. Сондықтан Азияға анағұрлым мықты институттар қажет. Ниеттестік жөніндегі декларациялар қабылдаудың дәуірі өтті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент 2022 жылы Астанада ұйымдастырылған VI саммитте АӨСШК мүше мемлекеттері Кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға уағдаласқанына назар аударды.–
"Бүгінде Ұйымға төрағалық етіп отырған Әзербайжан бұл миссияны лайықты деңгейде іске асырып келеді. АӨСШК Жарғысының қабылдануын асыға күтеміз. Бұл алдағы іс-қимылымыздың жол картасы болады. Қазақстанның АӨСШК трансформациясына қатысты ұстанымы бұған дейін бекітілген міндеттемелерге негізделген. Сондай-ақ ортақ түсіністікке қол жеткізуге және тиісті келісімдерді әзірлеуге икем танытуды басшылыққа алады. Кеңес Азиядағы орнын сақтай отырып, жаһандық серіктестермен ынтымақтастыққа ашық институт болуға тиіс. Ұйым өзара сенім рухындағы дәйекті диалог пен сындарлы консультацияға негізделген қауіпсіздік моделін ілгерілетуі керек", – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетсек, 2026 жылы 14 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 7-саммитіне қатысу үшін Баку қаласына жұмыс сапарымен барған болатын.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
19:09, 15 қазан 2026
Тоқаев пен Әлиев Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосу рәсіміне қатысты
-
19:08, 15 қазан 2026
Қызылордада шетелдік көлік қолында нәрестесі бар әйелді қағып, оқиға орнынан ізін суытқан
-
18:57, 15 қазан 2026
«Қар жауып, көктайғақ болады». Еліміз бойынша 16 қазанға арналған ауа райы болжамы
-
18:38, 15 қазан 2026
Мемлекет басшысы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесу өткізді
-
18:14, 15 қазан 2026
Бакудегі саммитте Мемлекет басшысы мұнай, су және білім жайына да тоқталды





