Мемлекет басшысы: Адал азаматтар ең алдымен мектептегі мұғалімнен тәлім алады

14:45, 5 қазан 2026
MKZ: 1570562

© Сурет: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбекқор, білімге құштар, ізденімпаз ұрпақ тәрбиелеудің маңызына тоқталып, балалардың қауіпсіздігін шынайы өмірде де, виртуалды кеңістікте де қамтамасыз ету қажет екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақордада Мұғалім күніне орай өткен салтанатты іс-шарада Президент балалардың қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ескеру, олардың болашағына жағдай жасау ортақ міндет екенін атап өтті.

"Біз балалардың қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ескеруге, оларды шынайы өмірде де, виртуалды кеңістікте де қорғауға міндеттіміз. Ең бастысы – өскелең ұрпаққа аса қажетті дүниемен, атап айтқанда, жарқын келешекпен, нақты мүмкіндіктермен қамтамасыз етіп, оларға есейгенде мақсат-мұратына жетуге ынталандыратындай жағдай жасау", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы табыс пен жетістікке жетудің негізі еңбек екенін айтып, осы түсінікті балалардың бойына сіңіру маңызды екенін жеткізді.

"Еңбексіз ешқандай табыс та, жетістік те болмайды. Бұл – өмірдің қағидасы, заңы. Еңбек дегеніміз – бүкіл өмірді билеп тұрған патша, бұл – өмірдің арқауы. Өмір, бұл – ғажапқа толы сиқырлы әлем емес. Өмір жолын тек жан-жақты дайындалған, біліммен қаруланған адам ғана еңсере алады. Осы қарапайым түсінікті балаларға түсіндіріп айту маңызды. Стратегиялық мақсатымыз – биік шыңдарға көз тігетін, бәсекеден тайсалмайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Қазақстанның өсіп-өркендеуі әрқайсымыздың қаншалықты үлес қосатынымызға байланысты", – деді Президент.

Сөзін қорытындылай келе, Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың дүниетанымы өзгеріп, қоғамда жаңа этика қалыптасып келе жатқанына назар аударды.

"Тазалық, еңбекқорлық, адалдық, өзара сыйластық қасиеттері ұлттық дағдымызға айналып жатыр. "Таза Қазақстан" акциясы жалпыұлттық сипат алып, еліміздің келбетіне және ең бастысы, азаматтарымыздың болмысына оң әсер ете бастады. Табиғатты аялау, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекетіміздің конституциялық міндеті саналады", – деді Мемлекет басшысы.

Президент елдік маңызы зор осы іске ұстаздар қауымы мол үлес қосып жатқанын атап өтіп, мұғалімдерге алғыс айтты.

"Себебі көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі, заңға бағынатын адал азаматтар ең алдымен мектептегі мұғалімнен тәлім алады. Сондықтан мен еліміздегі барша ұстазға шынайы ризашылығымды білдіремін. Ұстаздық еткен әр адамның ерен еңбегі зор құрметке лайық деп санаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!