«Марапаттың беделі әділдікпен айқындалуы керек»: өнер иелері жаңа наградаларға пікір білдірді

16:48, 12 қазан 2026
MKZ: 1571893

© Фото: akorda.kz

Мемлекеттік наградалар "Шәмші Қалдаяқов" медалі мен "Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі" құрметті атағымен толығады.

Марапат отан­дық мәдениет пен өнердің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегін жоғары деңгейде бағалау әрі оларды ынталандыру мақсатында берілмек, деп жазады EGEMEN QAZAQSTAN газеті.

Руханиятқа серпін берер награда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құ­рыл­тайдың алғашқы сессиясының ашылуында музыка және бейнелеу өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға арналған наградаларды енгізу, оның заңнамалық негізін қалыптастыруды тапсырды. Осы аптада депутаттар "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" заңға түзетулер енгізіп, отырыстың қарауына ұсынды. Көптің қол­дауымен құжат бірінші оқылымда ма­құлданды.

Құжатқа сәйкес мемлекеттік наградалар қатарына "Шәмші Қалдаяқов" медалі мен "Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі" құрметті атағы енгізіледі. Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлт­тық өнер университетінің ректоры Ғалым Ахмедьяров бұл бастаманың ұлттық музыка өнерінің дамуына серпін беріп, осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби қызметін бағалауға жаңаша жол ашатынын атап өтті.

"Саз әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған сыршыл композитор Шәмші Қалдаяқов атындағы медаль ұлт руханиятының ұлы перзентінің мұ­ра­­сын ұлықтай түседі. Әрі өнер мен мә­дениеттің өркендеуіне елеулі үлес қос­қан азаматтардың еңбегін мем­ле­кет­тік деңгейде дәріптейді. Бұл ретте тек орындаушылардың емес, композиторлар, дирижерлер, ән авторлары, музыка зерттеушілері мен ұстаздардың еңбегін де назардан тыс қалдырмау маңызды. Өйткені ұлттық өнердің дамуы сахнадағы жетістіктермен ғана өлшен­бейді. Оның артында кәсіби білім беру, орындаушылық дәстүрді сақтау, жаңа туын­дылар жасау, жас таланттарды тәр­бие­леу секілді ауқымды еңбек жатыр, – деді Ғалым Ахмедьяров.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері, әнші Ерлан Рысқали жаңа медаль ұлттық өнердің дамуына үлес қос­қан азаматтардың еңбегін бағалауға мүм­кін­дік беретінін айтты. Оның пайымынша, марапаттың мәртебесі әділ іріктеу мен нақты еңбегі арқылы айқындалуға тиіс.

"Халқымыздың жүрегінен орын алған бірегей дарын иесі Шәмші Қалдаяқов есімі мен мұрасы – ұлт мәдениетінің асыл қазынасы. Медаль қазақ өнерінің дамуына, мәдениетімізді насихаттауға, рухани құндылықтарымызды дәріптеуге елеулі үлес қосқан азаматтарды ынталандыратын мәртебелі марапат болуға тиіс. Оның беделі әділдікпен, нақты өлшемдермен, лайықты еңбекпен айқындалуы қажет, – деді Ерлан Рысқали.

Әнші Ақбота Керімбекова да "Шәмші Қалдаяқов" медалінің тағайындалуын еліміздің төл мәдениетіне қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегін бағалауға бағытталған маңызды қадам деп санайды. Ол мұндай марапат өнер адамдарына қолдау көрсетіп, қазақ ән өнерінің дәстүрін жалғастыруға ынталандырады деген пікірін білдірді.

"Кез келген марапат өнер иесінің төккен терін ескеріп, шығармашылығына серпін берері сөзсіз. Меніңше, бұл медальды жас мөлшерімен шектемей, аға буынмен қоса, өнер өлкесінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, аянбай тер төгіп жүрген 30-дан асқан дарынды жастарға да берген абзал. Бұл олардың еңбегін ел болып бағалап, жаңа биіктерге жігерлендіретіні сөзсіз, – деді Ақбота Керімбекова.

Бейнелеу өнері саласында да жо­ғары кәсіби шеберлік танытып, үз­дік туындыларымен отандық көр­кем мәдениетті дамытуға елеулі үлес қо­сып жүрген қайраткерлеріміз аз емес. Суретшілер және Дизай­нерлер одақтарының мүшесі, Көр­кем­сурет академиясының академигі Тілеужан Батанов ел ішінде ғылыми да, шы­ғармашылық та еңбегі ерен, бірақ тасада қалып қойған майталмандардың барын айтып, бұл марапаттар осындай нағыз өнер иелеріне берілсе дейді.

"Төл өнерімізді өрге сүйреп жүрген тұл­ға­лардың еңбегін мемлекеттік деңгей­де бағалау шығармашыл азаматтарға қанат бітіреді. Қырық жылдан астам тәжірибесі бар мұғалім әрі суретші ре­тін­де айтарым, ғаламтор мен заманауи технологиялардың мүмкіндігін тиімді пайдаланып, көпшілікке беймәлім, бірақ мәдениетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан майталмандарды марапаттап, кеңінен танытуымыз қажет. Осылайша, біз аға буынға құрмет көрсетіп, кейінгі жас­тардың бойына өнерге деген құл­шы­ны­сын оятамыз, – деді қылқалам шебері.

Көркемсурет академиясының академигі, Суретшілер одағы, Ха­лықаралық Еуразия дизайнерлер ода­ғы­ның мүшесі Мәжит Байтенов те осы ойды қуаттайды. Жарты ғасырға жуық ұстаздық етіп, жастарды сәулет пен сурет өнеріне баулып келе жатқан ардагер бұл марапат ізімізді басқан дарынды жастардың бойында серпін оятып, келешекке сеніммен қарауына жол ашады деп отыр.

"Марапат пен мемлекеттік баға – қылқалам шеберінің жылдар бойы төккен маңдай терін елеп, шығармашылығына дем беретін ұлы күш. Кезінде Кеңес одағы тұсында да, тәуелсіздік жылдарын­да да еліміз бен шетелде талай көрме өткізіп, отандық өнерді өрге сүйреген аға буынның еңбегі орасан. Десе де, олардың арасында әлі күнге дейін лайықты бағасын ала алмай жүрген ақсақалдарымыз аз емес. Осындай бастамалар арқылы өнер майталмандарының еңбегін дер кезінде елеп-ескеру – мәдениетке көрсетілген ілтипат, – деді Мәжит Байтенов.

Өнерге көрсетілген құрмет – ұлт рухы мен жасампаздығына көрсетілген құрмет. Талантты тұлғалардың еңбегін лайықты бағалау – өткенге тағзым етіп, кейінгі буынға үлгі көрсетудің жолы. Суретшілер одағының мүшесі, кескіндемеші Жайық Елесұлы жаңа құрметті атаққа үміткерлердің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық еңбегіне баса мән беру қажеттігін айтады.


"Бейнелеу өнерінде шеберлікті шыңдаудың шегі жоқ. Суретші өмір бойы ізденіп, жыл өткен сайын тәжірибесін молайтып, қолтаңбасын қалыптастырады. Бұл атаққа өнер жолында ұзақ жыл еңбек етіп, өзіндік стилін тапқан, туындылары жоғары деңгейде орындалатын кәсіби мамандар лайық деп ойлаймын. Олардың шығармашылығы жас суретшілерге үлгі болып, бейнелеу өнерінің сапасы мен талабын арттыруға ықпал етеді, – деді Жайық Елесұлы.

Ұлт өнерінің өрісі кеңейіп, руханият­тың тамыры тереңдеуі үшін талантты тұлғалардың мұрасы мен өнегелі жо­лы әрдайым назарда болуы керек. Жаңа наградалар осы бағыттағы игі бас­та­ма­лар­дың біріне айналып, ұлттық мәде­ниет­тің қадірін арттырып, өнерге адал қыз­мет етудің беделін биіктете түседі деген сенім бар.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!