Маңғыстауда жасөспірімдер тобы қызды ұрып-соғып, оқиғаны видеоға түсірген

15:50, 28 тамыз 2026
MKZ: 1563993

© Сурет: pexels

Маңғыстауда кәмелетке толмаған қыздың соққыға жығылған видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Полиция оқиғаға қатысы бар жасөспірімдерді анықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Lada.kz мәліметінше, жанжалға қатысушылардың барлығы анықталып, ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілген.

"Оқиғаның мән-жайы мұқият зерттеліп, қажетті материалдар мен түсініктемелер жиналды. Кәмелетке толмағандардың ата-аналары балаларды тәрбиелеу және оқыту міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды", – деп хабарлады Маңғыстау облысының полиция департаменті.

Полицияның мәліметінше, іс материалдары қаралып, тиісті шара қабылдау үшін сотқа және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды. Жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылды. Полиция олармен және отбасыларымен жұмыс жалғаса беретінін атап өтті.

Әлеуметтік желілерде тараған кадрлардан қыздың тізерлеп отырғаны, кейін бірнеше адамның оны ұра бастағаны көрінеді.

Сонымен қатар Петропавл тұрғындарын да жасөспірімге қатысты болған тағы бір қатыгездік оқиғасы алаңдатқан. Онда екі жігіт пен кәмелетке толмаған бала арасында жанжал туып, арты төбелеске ұласқан. Соның салдарынан екі адам пышақ жарақатын алған. Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады.

Ал 2026 жылғы 28 тамызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақ үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру қажет екенін айтты. Ол 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салу бастамасын қолдады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!