Көкшетауда құрылыс алаңынан жоғалған төрт жасар баланың мәйіті табылды

22:58, 12 қазан 2026
MKZ: 1571952

© Фото: Zakon.kz

Көкшетауда құрылыс алаңынан жоғалып кеткен баланың мәйіті табылды. Төрт жасар бүлдіршіннің денесі мұздай суға толған шұңқырдан шығарылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

КТК телеарнасының хабарлауынша, бір күн бұрын төрт жасар Алан анасымен бірге жұмыста болған. Кешкі сағат бестер шамасында бала жоғалып кеткен. Әйел ғимараттың әр бұрышын қарап шыққаннан кейін көмек шақырған. Оқиға орнына келген құтқарушылар мен еріктілер де бүлдіршін бір жерде ойнап жүріп, ұйықтап қалған шығар деп үміттенген.

Алайда бейнебақылау камералары Аланның сыртқа шығып, көршілес аумақтағы құрылыс алаңына қарай кеткенін көрсеткен.

"Құрылыс алаңы аумағының басым бөлігіне бетон төселген. Қараңғы түскендіктен, бетонның үстінен септикке арналған шұңқыр көрінбеген. Ол жай ғана шалшық суға ұқсап тұрған. Біз еріктілермен бірге сол жерден бірнеше рет өттік. Еріктілеріміздің бірі өзі де шұңқырға құлап кете жаздады. Бірақ баланың оған құлап кетуі мүмкін деген ой ешкімнің басына келмеді", — деді ерікті Оксана Даронина.

Қайғылы оқиға болған бейсенбі күні жас әйелдің жұмысқа алғаш шыққан күні екен. Ол өндіріс орнына тазалықшы болып орналасқанымен, болашақта мамандық оқуды жоспарлаған. Аланды анасы жалғыз тәрбиелеп отырған. Баланы қалдыратын жер болмағандықтан, өзімен бірге жұмысқа алып келген.

Белгілі болғандай, бала қаза тапқан құрылыс алаңының қақпасы ашық тұрған. Ал бүлдіршінге көмек қолын соза алатын ешкім болмаған.

"Іздестіру шаралары барысында бала ашық құдықтан табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", — деді Ақмола облысы полиция департаментінің ақпараттық саясат бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әсем Әбдірахманова.

Еріктілердің айтуынша, олар Аланның отбасын жақсы таниды және анасы туралы тек жақсы пікірде. Жалғызбасты анаға бұған дейін де материалдық көмек көрсетілген.

Аланды жерлеу үшін белсенділер бүгін таңертең қаражат жинауды бастаған. Қала тұрғындары қажетті соманы санаулы сағаттың ішінде жинап берген.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!