Уран өндіру кезінде келтірілген залал мөлшері қалай анықталады: жаңа қағидалар бекітілді

14:24, 12 қазан 2026
MKZ: 1571861

© Сурет: primeminister.kz

Атом энергиясы агенттігінің төрағасы 2026 жылғы 5 қазандағы бұйрығымен жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдалану талаптарын бұзу салдарынан келтірілген залал мөлшерін анықтау қағидаларын бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қағидалар Кодексте, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта, жобалық құжаттарда және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген міндеттері шегінде уран өндіру операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыларға, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша операторларға және сенімгерлік басқарушыларға қолданылады.

Бұл ретте қағидалар экологиялық залалды, жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды, үшінші тұлғалардың мүлкіне келтірілген залалды анықтау тәртібін, сондай-ақ әкімшілік, қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті қолдану тәртібін реттемейді.

Залал мөлшерін уран саласындағы уәкілетті орган есептеу негізінде анықтайды. Ол үшін Кодексте, жобалық құжаттарда, уран кен орнын игеру талдауында және жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларда көзделген талаптардың бұзылғаны құжат жүзінде расталуға тиіс. Сондай-ақ осы бұзушылық пен уран шығыны арасындағы себеп-салдарлық байланыс анықталуы керек.

Уран өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдалану талаптарын бұзудан келтірілген залал мөлшері нақты шығынның белгіленген нормативтік шығыннан асқан көлеміне қарай есептеледі. Есептеу кезінде есепті кезеңдегі ресми баға белгіленімдеріне сәйкес айқындалған орташа құн ескеріледі.

Залал мөлшерін есептеу үшін уранның бірлік құны ресми баға белгіленімдері негізінде анықталып, мынадай жағдайларда қолданылады:

Құқық бұзушылық жасалған нақты кезең белгілі болса:

  • нормативтік шығыннан нақты асып кеткен есептік (есепті) кезеңдегі – ай, тоқсан немесе жыл ішіндегі уранның орташа нарықтық бағасы қолданылады;
  • Құқық бұзушылық жасалған нақты кезеңді анықтау мүмкін болмаса (жинақталған шығындар) немесе құқық бұзушылық ұзақ уақыт бойы жалғасса, уранның нарықтық бағасы уран саласындағы уәкілетті орган бақылау барысында залалды құжат жүзінде анықтаған (тіркеген) күнтізбелік айдағы орташа баға бойынша есепке алынады.

Уранның нақты шығыны нормативтік шығыннан асқан көлемі мынадай жағдайлар бойынша анықталады:

  • кен орнын игеру кезінде белгіленген нормативтік шығыннан асатын уранның баланстық қорларының жоғалуы;
  • кен орнын ұтымды пайдалануды ескере отырып, оны экономикалық тұрғыдан тиімді игеруді көздейтін жобалық құжатты немесе игеру талдауын бұзу салдарынан, сондай-ақ осы бұзушылықтардан туындаған авариялар нәтижесінде уранның баланстық қорларының жоғалуы;
  • жобалық құжатта немесе игеру талдауында көзделген кен орындарын игерудің технологиялық режимін сақтамау салдарынан Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы бекіткен өндірілетін уран қорларының жоғалуы;
  • бастапқы өңдеу кезінде уранның, аралық өнімдердің (жартылай фабрикаттардың), байыту қалдықтарының, шламдар мен қождардың жобалық құжатта немесе игеру талдауында белгіленген нормативтік шығыннан асуы. Мұндай шығындар өңделетін шикізат сапасының жобалық көрсеткіштермен салыстырғанда өзгеруі мен ауытқуына, сондай-ақ өңдеу кезіндегі технологиялық тәртіптің бұзылуына байланысты болады.

Бастапқы өңдеу (дайындау) процесінде орын алған нормативтен тыс уран шығынының сандық мөлшері уранның тиісті түрі (сорты) үшін технологияда белгіленген бөліп алу көрсеткіші мен тауарлық өнімге нақты алынған уран көлемінің айырмасы бойынша анықталады.

Бұйрық 2026 жылғы 20 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі және 2026 жылғы 3 мамырдан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!