Кешегі той-заманға үйреніп қалған талай қазақтың тұрмысы төмендеді

11:17, 5 маусым 2020
230

Той жасауға рұқсат беруді сұраған кәсіпкерлер Қазақстанның түкпір-түкпірінен бас көтеріп жатыр. Сондай азаматтардың біршамасы Түркістан облысы әкімдігінің маңына жиналды. Карантин қажытқан бизнес өкілдерінің базынасы әдеттегіше. Адам санына шектеу қойса онысына да көнеміз деп отыр. Санитарлық талаптарды да сақтаймыз дейді.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Тойхана иелері мен онда қызмет көрсететіндерді облыстық әкімдіктің алдына жіпсіз жетектеп келген жағдай біреу - той-томалақтың арқасында тауып отырған нәпақаларынан айырылуы. Карантин қажытты білемін, әрқайсымызда кемінде 30 адамнан жұмыс істейді деп ашығын айтты. Алды 70 - 80 адамның екі қолына бір күрек беріп отырған кәсіпкерлер екен.

Жанат Қошқарбаева, кәсіпкер:

"Осы 30 адам жұмыс істейді. Солардың бәрі жұмыссыз қалған. Солардың бәрі жеке басым да бар".

Абдуғаппар Айдаров, өнерпаздар қауымдастығының төрағасы:

"Ал, енді жаңағы от жағушысы болсын, самаурын қайнатушысы болсын, ішін тазалаушы болсын, барлығы тойханамен күн көріп отыр".

Негізінде, тойхана басшылығы қанша қызметкері бар екендігі жөнінде тиісті органдарға есеп тапсырады. Тиісінше, соған лайықтап салығын төлейді. Біздегі кәсіпкерлер осы тұста заңды белшесінен басып жүр. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментіндегілердің айтуынша, өңірде 30 қызметкерім бар деп көрсеткен тойхана иелері атымен жоқ екен. Бұл салықтан жалтарудың бір әдісі көрінеді.

Баян Тұлғабаева, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз хатшысы:

"Түркістан облысы бойынша заңды тіркеуде тұрған тойханалар саны бүгінгі таңда 199-ды құрайды. Бұл тойханалардағы жалдамалы жұмысшылар саны жалпы қосқанда 677 болып тұр. Орташа есеппен әр тойханаға шаққанда 3-4 жұмысшыдан тиеді."

Жарайды делік. Облыстың бас ғимаратының алдына жиналғандармен жүздескен әкімдік өкілдері мәселені оңтайландыруға тырысты. Олардың қоғамдық тамақтандыру орындарына әзірге жасаған игілігі 50 адамға дейін қызмет көрсетуге рұқсат бергендігі. Қаперіңізде ұстаңыз, бұл 50 адамдық той жасауға рұқсат деген сөз емес.

Бақытораз Елемесов, Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

"1 маусымнан бастап қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмыстарына рұқсат бердік. 50 адамға дейін қызмет көрсете алады. көрсеткен уақытта да санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, және әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып қана 50 адамға дейін сағат 10-нан бастап 22 00 ге дейін қызмет көрсете алады."

Демек, тойхана иесі жұмыс жасау үшін тойханасын 50 орындық кафеге айналдыру қажет. Бұл жағдайға бірінің шамасы жетсе, ендігісі келіспейді. Себебі мынадай.

Жанат Қошқарбаева, кәсіпкер:

"Айналдыруға мүмкіндік болады. Бұрын тойхана болған соң, отыратындыр кафеге барады. Тойханаға той істейтіндер ғана үйренген ғой енді. Қашан үйретемін дегенше біздің кредит шыдатпайды ғой оған.Халықты үйрету қиын тойхананы кафе қылып жасауға".

Сонымен қатар, әкімдік тойханалардың аумағына қарай қабылдайтын адам санын да арттыру жағын жоғарыдан сұрайтындықтарын жеткізді. Қосымша, шығынға батқан тойхана иелеріне несиелерін жабу үшін тағы несие алып бермекші. Бірақ онысы төмен пайызды болмақ екен.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір