Маңғыстау облысындағы ішімдіктен бас тартқан ауылда 5 жыл бойы қылмыс тіркелмеген

16:26, 3 ақпан 2026

© Фото: pexels

Маңғыстау облысында қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған игі бастамалар жалғасуда. Бұл жолы Бекі ауылында кәсіпкерлер алкоголь өнімдерін сатудан толықтай бас тартты.

Аталған бастамаға ауыл тұрғындары бірауыздан қолдау білдіріп, нәтижесінде аудан әкімдігі, прокуратура, полиция бөлімі және кәсіпкерлер арасында төртжақты келісімге қол қойылды.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұл шешім нақты әлеуметтік нәтижесін беріп отыр. Соңғы бес жыл ішінде Бекі ауылында бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

Ауылда қоғамдық тәртіп сақталып, тұрмыстық жанжалдар мен құқық бұзушылықтар айтарлықтай азайған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл — ортақ жауапкершілік пен саналы таңдау нәтижесі.

Кәсіпкерлер де өз кезегінде қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігі кез келген экономикалық пайдадан жоғары екенін көрсетті. Төртжақты келісім мемлекет, құқық қорғау органдары, бизнес және жергілікті қоғамдастық арасындағы өзара тиімді әріптестіктің жарқын үлгісіне айналды.

Мұндай тәжірибе құқық бұзушылықтың алдын алудағы профилактикалық шаралардың маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Маңғыстау облысында Бекі ауылының үлгісі өңірдегі өзге елді мекендер үшін де оң тәжірибе ретінде қарастырылуда. Заң мен тәртіп — қоғамның бірлігі мен жауапкершілігінен басталады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!